RU
Толық нұсқаға өту

Елімізде жыл сайын өндірісте 1400 адам жараланады

12.05.2026, 19:33 39

Биыл Мемлекеттік еңбек инспекциясына 16 мыңнан астам азаматтан арыз-шағым түскен. 

Тексеріс нәтижесінде екі мыңнан астам құқық бұзушылық анықталып, кәсіпорындарға 136 млн теңге айыппұл салынды. Бұл – тек белгілі болған деректер. Жабулы қазан жабулы күйінде қалған жағдайлар қаншама. Жұмысшылардың өндірістік қауіпсіздік, жалақы және еңбек жағдайларын жақсарту мәселелеріне көңілі толмайды. Өндірістік орындарда жарақат алып, тиісті өтемақысын ала алмай жүргендер бар. 

Жыл сайын елдегі кәсіпорындарда 1400-ден астам жазатайым оқиға тіркеледі. Оның шамамен 200-і өліммен аяқталады. Ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешені мен құрылыс саласында тіркелген. Оған мысал ретінде осы жексенбі күні KAZ Minerals компаниясының «Артемьев» шахтасында болған қайғылы оқиға мысал бола алады. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқан қызметкер жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде 9 метр биіктіктен құлап кеткен. Жұмыста өндірістік жарақаттан өзге бірқатар құқық бұзушылық болуы мүмкін. Оның ішінде мамандарға қысым жасау мен олардың еңбекақысын негізсіз ұстап қалу жағдайлары бар. Мәселен, Мемлекеттік еңбек инспекциясы жыл басынан бері 16 мыңнан астам азаматтың өтінішін қараған. 1723 жоспардан тыс тексеру мен 92 профилактикалық бақылау жүргізген. Нәтижесінде 2 мыңнан астам заңсыздық анықталды. Ал салынған әкімшілік айыппұл көлемі 136 миллион теңгеге жуықтайды.

Алайда көп жағдайда жабулы қазан жабулы күйінде қалып жатады. «Жұмыс берушілердің жауырды жаба тоқуы өндірістегі өлім-жітім санын арттырып отыр», - дейді Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев.

Нұрлан Өтешев, ҚР кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары:

- Әлемдік статистика бойынша өндірістегі бір өлімге орта есеппен 500 жарақаттан келеді. Ал Қазақстанда бұл статистика бұрмаланған. Бізде бір өлімге 11 жарақаттан келіп отыр. Айырмасы жер мен көктей екенін көріп тұрсыз. Бұл жұмыс берушілер оқыс жағдайларды жасырып қалады деген сөз. Оның ішінде жеңіл-желпі жарақатпен қатар, орташа деңгейдегі жарақаттар да бар. Осының бәрі қайғылы жағдайлардың алдын алуды қиындатып отыр. Себебі жауапты органдар тексеріс жүргізіп, ұсақ бұзушылықтардың алдын алса, ірі апаттар болмайтын еді. 

Еңбек қауіпсіздігін арттыру бойынша кейінгі үш жылда айтарлықтай өзгерістер болып жатыр. Мәселен, өндіріс орындарында еңбек инспекторларының саны артты. Сондай-ақ заманауи технологиялар да енгізіліп жатыр.

Ерболат Абулхатин, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры:

- Кәсіптік тәуекелдерді бағалау механизмі енгізілді. Бұл – жаңа көрсеткіш. Бұрын жұмыс орындары аттестацияланатын. Енді әр жұмыс орнында еңбек қауіпсіздігіне қандай факторлар әсер ететіні мен оқыс жағдайда қандай шаралар қабылданатынын арнайы ұйымдар бағалайды. Олар министрлік жанындағы құзіретті органдарға бағынысты болады. Сонымен қатар қауіпсіздікті арттыру үшін цифрлық технологиялар да енгізіліп жатыр. Мәселен, шахталардағы қауіпті учаскелерге роботтар жіберіле бастады.

Сондай-ақ еңбек қауіпсіздігін арттыру мақсатында арнайы заң да қабылданды. Құжатта еңбекті қорғау мамандары тікелей мекеме басшысына ғана бағынатыны жазылған. Сонымен бірге еңбек инспекторларының жауапкершілігі артып, олар үнемі кәсіби біліктілігін көтеріп отыруға міндеттелді.

Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Өндірістік жарақаттарды айқындау кезінде Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары көбінесе қолданыстағы ескі қағидаттарды пайланып жүр. Сондықтан осыны жүйелеу мақсатында және өндірістік жарақаттардың деңгейін, дәрежесін нақты айқындау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігіне нақты құзіреті бар қағидаларды бекіту құзіреті беріліп отыр. Сондай-ақ бесінші мына өндірістік оқиғалар кезінде егер жұмысшының өзінің тарапынан бір өрескел абайсыздық байқалған жағдайдың өзінде оның жауапкершілігін 25 пайыздан асырмай белгілеу жөніндегі норма көзделіп отыр. 

Сондай-ақ еңбек даулары кезінде комиссияларының құрамына зардап шеккен жұмыскердің туған-туыстары мен адвокаттарын немесе тәуелсіз медатораларды енгізу көзделіп отыр. Бұл қызметшінің құқын қорғау кезінде біржақтылыққа жол берілмеуі үшін қабылданған шара. Құжатқа президент сәуірде қол қойды. Енді заң келесі айда күшіне енеді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz