Қазақстанда алимент бойынша берешек көлемі 18 миллиард теңгеге жетті. Былтыр 4824 борышкер әкімшілік, 380-і қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
«Қарыз жыл санап өсіп келеді» - дейді депутаттар. Мәселені жүйелі түрде шешудің бір тетігі – тиісті берешекке бақылауды күшейту. Балаға берілетін ақшаның қайда, қалай жұмсалып жатқанын да қадағалау ұсынылды. Қоғамда жиі талқыға түскен тақырып туралы жауаптылар не дейді?
Алимент қайда кетіп жатыр? Сала төңірегінде сауал көп. Алайда нақты жауап әлі жоқ Себебі балаға төленетін ақшаға бақылау жүйесі енгізілмеген.
Халық қалаулыларының пікірінше, мемлекет әкенің балаға берешегін уақытылы төленуін ғана қадағалайды. Алайда оның қалай жұмсалатынынан хабар жоқ.
Наталья Дементьева, ҚР Мәжіліс депутаты:
- Соңғы кезде алимент төлеушілер: «ақша балаға кете ме, жоқ бұрынғы жұбайымның қажеттілігіне кете ме, білмесем неге алимент төлеуім керек?» деп шығады немесе «неліктен мемлекет алимент өндіріп алуды бақылайды, бірақ олардың жұмсалуын бақыламайды?» деген сауалдарды жиі көтеріп жұр. Мұндай мәселе әрине, күмән тудырады.
Әділет министрлігінің өкілі де бұл мәселенің өзекті екенін айтты. Ақпарынша, қазіргі таңда шешу жолдары қарастырылып жатқан көрінеді. Елде алименттің жұмсалуына қатысты есепті сот арқылы талап етуге мүмкіндік бар. Алайда жаңа ұсыныстар аясында белгілі бір жағдайларда мұндай есепті сотқа жүгінбей-ақ алуды қарастыратын тетік енгізу жоспарланған. Вице-министрдің айтуынша, бастама әсіресе жоғары мөлшерде алимент төлейтін азаматтарға қатысты болуы мүмкін. Яғни төлем көлемі айтарлықтай жоғары болған жағдайда, қаражаттың бала мүддесіне жұмсалуына қатысты ашық есеп беру жүйесі енгізілген.
Бекболат Молдабеков, ҚР Әділет вице-министрі:
- Жұмысқа алдық осы мәселені. Алайда негізі сомаға байланысты. 100-150 мыңға дейін алимент төлейді, біздің ұстаным осы ақшаға дейін тимей, егер сома үлкен болса, 500 мың немесе млн болатын болса, әрине, құқығы бар. Соны сотсыз-ақ қарауға тізім ретінде беруге механизм табуға дайынбыз.
Қазақстанда алимент төлемейтін борышкерлердің саны 12 мыңнан асады. Олардың жалпы берешегі 18 млрд теңгеге жеткен. Құзырлы органдардың мәліметінше, борышкерлерге қатысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шаралары қолданылып жатыр. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, 1100-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар 89 борышкерге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Мәжбүрлеп орындату шаралары аясында бірінші тоқсанда 3 млрд теңге өндіріліп, балаларға тиесілі қаражат төленді.
Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Бағдат Қайыркен
Тегтер #алимент #борышкер #Заң мен тәртіп #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz