Биыл Тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне қаланың 60-тан астам тұрғыны арыз берген.
Алданған азаматтар құқық қорғау органдарына да шағымданып жатыр. Әсіресе жиһаз алаяқтарының жалған жарнамасы әлеуметтік желіде кең тарап барады.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Бұл – көрініс «Мошенники» сериалынан үзінді. Жиһаз алаяқтарының аңғал жандарды қалай алдайтынын көрсеткен. Әдетте олар алдын ала төлем қабылдап, ізім-ғайым жоқ болады.
Осыдан бірнеше ай бұрын астаналық Пакизаттың да әлеуметтік желідегі жарнамаға назары ауып, ас үй жиһазына тапсырыс берген. Тіпті өндірушілердің цехына барып, жұмыстың іс жүзінде жүріп жатқанына да көзін жеткізеді. Алайда тапсырыстың белгіленген мерзімі келгенде әккілер уақытты қайта-қайта кейінге шегеріп, созбалай берген. Қолында келісімшарт пен түбіртектер бар. Алаяқтарға тап болғанын түсінген ол бірден құқық қорғау органдарына арыз жазды.
Пакизат Оңалбай, қала тұрғыны:
- Мен жиһаз алаяқтарына тап болдым. Жәбірленушімін. Қазіргі таңда біз Сарыарқа ауданының Полиция департаментіне арыз жаздық. Қазір іс прокуратураға барды. Енді сот үкімін күтіп отырмыз. Былтыр 2025 жылдың тамыз айынан бүгінгі күнге дейін біз сотқа барамыз деген кезде ғана 50 мың теңге жіберді. Одан кейін ақша жіберген жоқ.
Пакизаттың басты талабы – кеткен ақшаны моральдық шығынмен бірге қайтару. Ал екінші тарап өз дәрменсіздігін ірі тапсырыстардың болмауымен түсіндіріп отыр. Биыл жыл басынан елордадағы Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті департаментіне 3 мыңнан астам өтініш түскен. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда үш есе көп. Сонымен қатар жиһаз жасаушылардың сапасыз қызметіне қатысты шағымдардың саны да артқан.
Жанат Асантаев, қалалық Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары:
- Өткен жылдың бірінші тоқсанында 60 өтініш болған. Биыл осы кезеңде олардың саны 240-қа жетті. Шағым өте көп түсіп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, Астана қарқынды дамып келеді, көптеген тұрғын үй салынып жатыр. Адамдар жаңа баспаналарын жиһазбен жабдықтап отыр. Өкінішке қарай, келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындамайтын, жосықсыз орындаушылар жиі кездеседі.
Күдік тудырар жиһаз компанияларының ресми тізілімі жүргізілмейді. Бұл тұтынушылардың орындаушының адалдығын алдын ала тексере алмай, алаяқтыққа тап болу қаупін арттыратыны сөзсіз. Алайда мамандардың айтуынша, жосықсыз орындаушыларды аңғаруға мүмкіндік беретін басты белгілер бар. Мәселен, нарықтағы бағамен салыстырғанда тым арзан бағаны ұсынуы. Осыған байланысты мамандар жарнамаға сене бермеуге, әлеуметтік желідегі парақшаларды мұқият тексеруге, жуырда ғана ашылған аккаунттарға сенбеуге және шынайы пікірлерді зерделеуге кеңес береді.
Жанат Асантаев, қалалық Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары:
- Кей жағдайларда келісімшарт бір жеке кәсіпкермен жасалады, ал ақша басқа есепшотқа немесе телефон нөмірі арқылы аударылады. Мұндай кезде қаражатты нақты кім алғаны белгісіз болып қалады. Бұл жерде алаяқтық белгілері байқалады. Түрлі заңбұзушылықтар, соның ішінде талап-шағымға жауап бермегені үшін 48 кәсіпкерлік субъект қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, өткен жылдың наурыз айында Астанада клиенттерді 17 миллион теңгеден астам сомаға алдаған жалған жиһаз жасаушы сот алдында жауап берді. Ол өз кінәсін мойындамағанымен 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
Бақыт Нұрлықұлова, заңгер:
- Қылмыстық жолмен әрине ол ұзақтау қаралуы мүмкін. Себебі қылмысты тергеп-тексеру уақытысы екі ай көлемінде қаралу керек. Қажет болған жағдайда 4-5 айға дейін созыла береді. Ол жерде дәлелдеме жинау мәселесі алға тартылады. Жалпы практиканы алып қарайтын болсақ, қылмыстық жолмен егер де дәлелдемелерді қылмыстық қудалау органына дайын қылып алып берген жағдайда, жәбірленуші тарап өзі көмектескен жағдайда қылмыс тезірек ашылады және сотқа тезірек жетеді.
Заңгерлердің айтуынша, келісімшарттың немесе қолхаттың болуы дауды көбіне азаматтық-құқықтық арнаға ауыстырады. Мұны алаяқтар өздеріне қорған ретінде пайдаланады. Дегенмен ықпал ету тетіктері бар: елден шығуға тыйым салу, жүргізуші куәлігінің күшін тоқтату, есепшоттарды бұғаттау, мұның бәрі сот шешімін орындауға мәжбүрлейді. Жалпы алаяқтық деректер жылдан-жылға көбейіп келеді. Былтыр елде 11,5 мыңнан астам факт тіркелсе, биыл жыл басынан құқық бұзушылық саны 10 мыңнан асты.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Диас Қовланбаев, Бағдат Қайыркен
Тегтер #Астана #алаяқтар #тұтынушылар #Заң мен тәртіпPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz