Туризм және спорт министрлігі тур сатып алар кезде қандай құжаттарды тексеру қажет екенін айтты, деп хабарлайды «24KZ».
Тур сатып алмас бұрын турагенттен турды сатудың заңдылығын және туристің құқықтық қорғалуын растайтын құжаттар пакетін сұратып, мұқият тексерген жөн. Ең алдымен, турагент қызметінің басталғаны туралы хабарламаның бар екеніне көз жеткізу қажет.
Турагенттік компания мемлекеттік электронды тізілімге енгізілуі тиіс. Бұл оның ресми түрде қызмет көрсететінін растайды.
Туристік қызмет көрсету туралы шартқа қол қою - сапарды рәсімдеудегі негізгі кезеңдердің бірі. Құжатта баратын ел мен сапар мерзімі, турдың толық құны, төлем тәртібі, турдан бас тарту талаптары, тараптардың жауапкершілігі, сондай-ақ қаражатты қайтару шарттары нақты көрсетілуі қажет.
Қаржылық құжаттарға ерекше назар аударған жөн. Төлем жасағаннан кейін міндетті түрде фискалдық чек талап етіңіз. Қаражатты менеджерлердің жеке шоттарына аудармаған дұрыс, себебі тек ресми төлем құжаты мәміленің жасалғанын дәлелдейді.
Брондау расталып, тур толық төленгеннен кейін турагент туристке сапарға қажетті құжаттар пакетін ұсынуға міндетті. Оның құрамына қонақ үй, тамақтану және трансфер туралы мәліметтер көрсетілген ваучер, әуе билеттері немесе маршруттық түбіртектер, сақтандыру полисі және туристердің құқықтарын міндетті кепілдендіру жүйесі аясындағы қорғанысты растайтын туркод кіреді.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда туристерге «Туристік Қамқор» жедел желісіне дереу хабарласу ұсынылады: +7 700 112 2 112
Тегтер #туризм #турагенттік #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz