RU
Толық нұсқаға өту

Қарттар үйі кезең-кезеңімен жаңартылады

13.05.2026, 20:05 34

Елде бірқатар қарттар үйінің инженерлік желілері әбден тозған.

Басым бөлігі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған. Ал Астанадағы қарттар үйінің жай-күйі қандай? 

Сексеннің сеңгіріне шыққан Қамила Балғазина елордадағы "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығына былтыр өз қалауымен келді. Айтуынша, басқа облыс орталықтарындағы қарттар үйінің жағдайы көңіл көншітпейді. Астанада бұл жағынан мәселе жоқ, дейді зейнеткер.

Қамила Балғазина, зейнеткер:

- Бәрі бар. Светтен ешқандай шектеу жоқ. Туалетте ыстық және мұздай су үздіксіз. Душевая, балкон бар. 1969 жылы тұрмысқа шықтым, 1971 жылы ұлды болдық. Оқыдық, жұмыс істедік. Жолдасым қайтыс болды. Жалғыз балам 2 жыл ауруханада жатып, 2013 жылы қайтыс болды.

Кейуананың Ақтөбеде туған немересі тұрады. Үйленген. Жұмыстан қолы қалт етсе, осында шөбересін әкеліп, әжесінің хал-жағдайын біліп тұрады. Тағдыр тауқыметін көрген әр әлеуметтік қызмет алушы бұл жерде өзін жайлы әрі қауіпсіз сезінеді, дейді орталық директоры Ардақ Сейітова. Оның айтуынша, алдағы 2 жыл ішінде мекемені жаңғырту көзделіп отыр.

Ардақ Сейітова, "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:

-Тозу деңгейі бойынша біз биыл құжаттарды дайындап жатырмыз капиталды ремонтқа. Ол жұмыстар 2027-2028 жылдарға бағыттап отырмыз. Себебі 20 жылда осында көшіп келгелі бұл мекеме әлі күрделі жөндеуден өтпеген. Яғни өз қызметкерлеріміздің арқасында жылда косметикалық жөндеулерден өтіп жүр. Бүгінгі күнде осы жағдайда ұстап отырмыз.

Қарияларға арналған стационарлық ұйымдарда тұрғындардың саны ұдайы өзгеріп отырады. Бүгінде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарда 34 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Оның ішінде 26 мыңнан астамы әйел, ал 7 жарым мыңдайы ер адам.

Әсем Бақытжанқызы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің бас сарапшысы:

- Аталған ұйымдардың инфрақұрылым жағдайы өңірлер бойынша әр түрлі. Бір бөлігі заманауи талаптарға сәйкес келсе, кейбір мекемелерде ғимараттардың тозу деңгейі бар. Жыл сайын жергілікті бюджет есебінен ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кезең-кезеңімен жаңғырту шаралары іске асырылады. Жыл ішінде халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарын барлық ұйымдарға тексеру жүргізеді.

Белгіленген талаптарға сәйкессіздіктер анықталған жағдайда бұзушылықтар жойылуы керек. Еске салайық, былтырдан бастап, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының барлық ұйымы лицензия алу рәсімінен өтуге міндеттелді. Қарттар үйін ұстауға, жөндеуге және қызмет көрсетуге арналған қаражат жергілікті бюджеттер арқылы бөлінеді. Қаржы көлемі әр өңірдің қажеттілігіне, қызмет алушылардың санына және инфрақұрылым жағдайына байланысты анықталады. 

Мирлан Алтынбек, Мерей Талап, Дәулет Кибраев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz