Алматы облысының Іле ауданындағы Ақши елді мекеніне ауыз су кестемен беріліп жатыр.
«Бозой топтық су құбыры» жүйесінде тағы апат болды. 50 жыл бұрын пайдалануға берілген құбыр әбден ескірді. Судан таршылық көрген ауыл тұрғындары желіні жаңғыртуды сұрайды. Ал су шаруашылығы мамандары қаржының жоқтығын алға тартады.
Ұзындығы 72 шақырым болатын «Бозой топтық су құбыры» жүйесі 1972 жылы салынды. Кеңестік кезеңде төселген магистралды құбырды қолдану мерзімі 25 – 30 жыл десек, желіні жаңғыртатын уақыт әлдеқашан өтіп кетті. Былтыр қараша айында құбыр жарылып, ауыл бір ай бойы ауыз сусыз отырды. Сол кезде жергілікті билік жедел шешім қабылдап, ұзындығы 2,6 шақырым құбырды ауыстыруға 137 млн теңге бөлді. Алайда мамыр айының басында желіде тағы апат болып, су кестемен беріле бастады.
Назира Омарова, ауыл тұрғыны:
- Су уақытымен беріледі деді таңғы сағат 7-де, түскі 12, кешкі 4 және кешкі 7-де деді. 1 - 2 күн су болмайды» деп хабарландыру берді, біз қайтадан су толтырдық. Судың напоры аз болады, кір жуа алмаймыз жаңағы. Бірақ осы трубаларды ауыстырғаннан кейін су сап-сары болып ақты бізге. Енді басқа трубаларды ауыстыру керек.
Нұрислам Сайлаубаев, "Бозой топтық су құбыры" мекемесінің басшысы:
- Өткен мамыр айының төртінен бастап су шығыны 50 пайызға дейін жетті. Сол себепті су кестемен берілді тәулігіне 4 рет. Қазіргі кезде 9 мамырда жөндеу жұмыстары жүріп, екі жерден жөндеу жұмыстарын жасадық. Содан бастап уже кестемен емес, күнделікті қысыммен, барлық кезде қысыммен беріп жатырмыз суды.
«Бозой топтық су құбыры» жүйесімен Қараойдан тәулігіне 1500 текше метр су айдаса, соның 50 пайызы ғана Ақшиге жетеді. Қалғаны әбден тозығы жеткен құбырдың әр жерінен ағып, жерге сіңіп жатыр. Сол себепті жауапты мекеме жұмысшыларына апат болған орындарды анықтау оңай болмай тұр. Ауыл тұрғындарын тіршілік нәрімен үздіксіз қамтамасыз ету үшін бұл магистралды құбырды толық ауыстыру қажет-дейді жауаптылар.
Нұрислам Сайлаубаев, "Бозой топтық су құбыры" мекемесінің басшысы:
- Бізде 2023 жылы Іле ауданының бюджетінен қаражат қарастырылып, бізге жоба жасап берген жаңағы «Бозой топтық су құбырын» реконструкциялау бойынша. 2024 жылы мемлекеттік тексерістен өтіп, жоба дайын болған. Енді сол жобаға 7,5 млрд теңге қаржы керек болып тұр. Сол қаржы бөлінсе бізге барлығы жақсы болар еді.
Жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге жергілікті бюджеттен 62 млн теңге жұмсалды. Дегенмен, оның мерзімі небәрі үш жыл. Құбыр биыл жаңартылмаса, құжаттаманы қайта жасауға тура келеді. Жалпы облыстағы елді мекендерді орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету көрсеткіші 98%-тік межеге жетті. Ал су құбыры желілерінің 65 пайызы тозған. Кеңестік кезеңде төселген 600 шақырымнан астам ауыз су құбыры қайта жаңартуды қажет етеді.
Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов
Тегтер #Алматы облысы #Іле ауданы #ауыз су мәселесі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz