Елде сот сараптамасы саласын дамытудың 2027 жылға дейінгі жол картасы аясында ауқымды жұмыс басталды.
Бұл туралы Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтілесов айтты. Жаңа құжат аясында Е-Сараптама жүйесі толық автоматтандырылады. Бұл шаралар сараптамалық қызметтің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Қазір сарапшылар криптовалюталық алаяқтықты әшкерелеу және киберқылмысты тергеудің заманауи әдістемелерін қолданысқа енгізді. Сонымен қатар есірткі мониторингі үшін ағынды суды талдау және вейптер құрамын анықтаудың жаңа технологиялары іске қосылды. Алдағы екі жыл ішінде өңірлердегі зертханалардың материалдық-техникалық базасы толық жаңартылады.
Бақытжан Байтілесов, ҚР ӘМ сот сараптамалары орталығының директоры:
- Аудиожазбаларды зерттеу саласында да жаңа технология енгізілді. Сот-фонографиялық сараптаманы дамыту және заманауи технологияларды енгізу шеңберінде "deepfake" деп аталатын аудиожазбаларды жасау кезінде жасанды интеллект технологияларын пайдалану белгілерін жоғары дәрежеде сенімділікпен анықтау мүмкіндігін көздейтін аудиожазбаларды зерттеудің жаңа әдістемесі іске асырылды. Қазіргі таңда, қолданыстағы әдістеме сот-фонографиялық зерттеулердің мүмкіндіктерін едәуір кеңейтіп, сараптамалық бағалау сапасын және қылмыстық істер бойынша дәлелді маңызы бар аудиоматериалдардың түпнұсқалығын анықтаудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Тегтер #жасанды интеллект жылы #24KZ #сот сараптамасыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz