Кейінгі жылдары Қазақстанның капитал нарығы тұрақты дамып келеді. Акциялар нарығын капиталдандыру 39 трлн теңгеге жетті.
Бұл – жалпы ішкі өнімнің 24 пайызы. «Капитал нарығы күні» жиынында қаржыгерлер осындай дерек айтты. Басқосуға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Ұлттық Банк, KASE, қаржыгерлер қауымдастығынің өкілдері қатысты. Іс-шарада қор нарығын дамыту, инвестициялық тартымдылықты арттыру және экономиканы нарықтық тетіктер арқылы қаржыландыру мәселесі талқыланды.
Қазір елде Капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы және «Капитал нарығы туралы» жаңа заң әзірленіп жатыр. Оларды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық Банкпен және халықаралық кеңесшілермен бірлесіп дайындап жатыр. Құжат капитал нарығының заманауи және орнықты моделін қалыптастыруға, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экономикаға ұзақ мерзімді инвестиция тартуға бағытталған.
Нұржан Тұрсынханов, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары:
- Бұрынғы заң 2003 жылы қабылданған. Содан бері едәуір уақыт өтті. Біздің ойымызша, қазір бағдарламаның өзі де, заң да елеулі жаңартуды қажет етеді. Басты назар нарықтағы институционалдық инвесторларды дамытуға және миноритарлық инвесторлардың құқығын қорғауға аударылады. Сондай-ақ қаржы нарығының инфрақұрылымын қайта қарап, оны күшейту аса маңызды.
Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, капитал нарығы - экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландырудың негізгі тетіктерінің бірі. Жаңа заңнама инвесторлар базасын кеңейту, зейнетақы активтерін басқару жүйесін реформалау, шағын және орта бизнес субъектілері үшін қаржыландыру құралдарын дамытуға ықпал етеді. Сондай-ақ «Бірыңғай терезе» қағидатын енгізу және бағалы қағаздар эмиссиясы рәсімдерін толық цифрландыру көздейді.
Шолпан Айнабаева, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің мүшесі:
- Бұған дейінгі заң нарықтық экономиканың бастапқы кезеңінде жазылды. Соңғы 30 жылда нарықтағы жағдай айтарлықтай өзгерді. Халықаралық нарықта алгоритмдік сауда, цифрлық активтер секілді көптеген жаңа құралдар пайда болды. Осындай жаңа үрдістер мен трендтер қазіргі қолданыстағы заңда қамтылмаған. Сондықтан заңды реформалауға негіз бар.
Мамандардың пікірінше банк, компаниялар мен мемлекеттік органдарды құнды қағаздарын айналымға шығаруға ынталандыру қажет. Сондай-ақ инвесторлық базаны кеңейткен жөн. Бұл азаматтардың биржаға ақша салуына мүмкіндік береді. Қазір қазақстандықтардың дені артық ақша бітсе жылжымайтын мүлік алуға тырысады. Сондықтан акция, облигациялармен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастырған маңызды.
Олжас Әшкеев, сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының төрағасы:
- Осы заңнамадан үлкен үміт күтіп отырмыз. Өйткені бұл осы қаржы нарығын және сақтандыру нарығын ең алдымен үлкен жетістіктермен жаңа жоспарларға жаңа белестерге жол ашып береді деп үміттеніп отырмыз. Сақтандыру төлемдері, сақтандыру жарнамалары көбейіп жатыр және Президентіміз айтқандай, жаңа міндетті сыныптар ашылу керек.
Қазір KASE сауда жүйесінде 76 эмитенттің акцияларының 89 шығарылымы және 158 эмитенттің корпоративтік облигацияларының 717 шығарылымы айналымда жүр. Орталық депозитарийде 5 млн аса шот бар. Бұл бөлшек және корпоративтік инвесторлар тарапынан қызығушылықтың өсуін көрсетеді.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев
Тегтер #заң #капитал #нарық #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz