Орталық Азия елдері энергетикалық инфроқұрылымдарын жаңартуға мүдделі. Бұл жұмыстар Қазақстанда қызу жүріп жатыр.
Арнайы үкіметтік бағдарлама аясында мыңдаған нысан модернизациядан өтеді. Ташкентте энергетика апталығы басталды. Жиынға әлемнің 34 елінен 580 компания өкілдері келген. Ауқымды шараға қазақстандық кәсіпорындар да қатысады.
Дулат Нуркин, тілші:
- Сарапшылардың пайымынша, Орталық Азия елдерінде энергетикалық инфрақұрылым әбден ескірген. Кейбір елдерде ол 70 пайызға жеткен. Осы және өзге де мәселелер Ташкенттегі энергетика апталығында талқыланды. Арнайы көрме ұйымдастырылып,саладағы озық технология көпшілік назарына ұсынылды.
Қазақстанда энергетика саласына қажетті технология ұсынатын компаниялар шоғыры қалыптасқан. Отандық өнімге алыс жақын елдерден сұраныс жоғары. Олар санға емес, сапаға жұмыс істеп, жаңа технологияға ұмтылатындарын айтады. Бұл ұстаным шетелдіктер тарапынан жоғары бағаланатын көрінеді.
Нариман Жанасов, қазақстандық компанияның өкілі:
- Үкімет тарапынан жасалатын жеңілдіктер – отандық тауар өндірушілер үшін үлкен олжа. Біз оны әрдайым сезінеміз. Болашақта мұндай қадамдар өз жемісін береді. Қазіргі нәтижелер де жақсы. Біздің мақсатымыз –Қазақстанда жасалатын тауарларды жаһанға таныту.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы энергетика апталығына қызығушылық бұрынғыдан жоғары. Әлемнің 34 елінен 580 компания қатысып жатыр. Олардың дені Қытайдан келіпті.
Людмила Стайшюнайте, ұйымдастырушы компанияның PR департаментінің жетекшісі:
- Энергетика апталығында сарапшылардың зерттеулері ұсынылады. Себебі олар саланы жақсы біледі. Өзіндік көзқарастары бар. Үкімет мүшелерімен кездесулер жоспарланған. Жалпы айтқанда энергетика тақырыбы қазір әлем үшін үлкен маңызға ие.
Жаңа технологияға бағытталған энергия – ертеңгі дамудың кепілі. Сондықтан «Энергетика апталығы» тек салалық кездесу емес, болашаққа жасалған қадам деуге болады.
Тегтер #Ташкент #энергетика #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz