RU
Толық нұсқаға өту

Елде асыл тұқымды түйе түрлері өсіріледі

14.05.2026, 10:45 46

Түйе сүт, ет береді. Жүні – жылы киім. Мінсең, көлік қана емес, көшке де жарайды. Климат өзгерісі қауіп төндіре бастаған сәтте әлем де мұның қадірін біле бастады. 

Біздің ел де түйе баққанды жарылқауға әзір. Мемлекет тарапынан қолдау бар. Түйе сүтінің әр литрі үшін субсидия қарастырылған. Сонымен қатар асыл тұқымды Ойсылқара түлігін сатып алуға демеу-қаржы беріледі. 

Маң-маң басқан, маң басқан, шудаларын шаң басқан ірі жануардың арасында асыл тұқымдысы тағы бар. Қазақ бактрианы мен түрікмен дромедарын ғана есептесек, елдегі шаруалар 2400-ден астам осындай бағалы түйе бағып отыр. Алғашқысы қос өркешті әрі етті-жүнді болса, кейінгісі дара өркешті және сүтті болып келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми статистикасына көз жүгіртейік. Асыл тұқымды түйелердің көбі Қызылорда мен Түркістан облыстарына тиесілі. Бұл екі өңірдің әрқайсысында 600 бастан асады. Үшінші тұрған Маңғыстау облысында бұдан 100 басқа кем. Ал Атырауда 365, Жамбылда 105 бағалы түйе тіркелген. Жетісу мен Павлодар облыстарында 40-50 бастан ғана бар. 

Шұбаттың әр литрі үшін субсидия беріледі

Ойсылқара түлігін өсіруге ниетті шаруаларға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің басқарма басшысы Зәуре Хамитованың айтуынша, асыл тұқымды түйе сатып алуға субсидия қарастырылған. Әрбір аталық бас үшін 175 мың теңге беріледі. Биыл бұл мақсатта ел қазынасынан 40 млн теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар шұбат сатып, кәсіп көкжиегін кеңейткісі келетіндерге тағы бір қолдау тетігі бар. Түйе сүті үшін демеу-қаржы төленеді. Әр литріне 55 теңге. Былтыр дәл осы бағдарлама бойынша 335 млн теңге бөлінген. Ал биыл 291 млн теңге жұмсалады. Субсидия көлемі өңірлердің бюджеті есебінен ұлғаюы мүмкін.

Зәуре Хамитова, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаментінің басқарма басшысы:

- Сондай-ақ жергілікті бюджеттен ақша бөлініп жатса, субсидиялау нормативін 190-ға дейін көтеруге болады. Өндіріске өткізілген шұбаттың литріне субсидия төленеді. Мысалы, сатып, тиісті құжаттармен дәлелдеген кезде өтінім тапсырған кезде сол құжаттарды тіркейді. Сол арқылы субсидиялар төленеді.

Ірі қара сатып алуға қолдау көрсетіледі

Сонымен қатар бағалы ірі қара сатып алуға демеу-қаржы қарастырылған. Етті бағыттағы агроқұрылымдар тарапынан қазақтың ақбас сиыры, әулиекөл, герефорд және ангус тұқымдарына сұраныс жоғары. Ал сүт өндіретін шаруашылықтар голштин мен семинталды көбейтуге ниетті. Ет өндірушілер үшін ішкі нарықтан сатып алынған әрбір ірі қараға 260 мың теңге субсидия төленеді. Егер мал ТМД елдерінен жеткізілсе, 390 мың теңгеден беріледі. Ал Еуропа, Оңтүстік және Солтүстік Америкадан импортталса, демеу-қаржы 525 мың теңгеге дейін көбейеді. Бұл – етті ірі қараға арналған сома. Енді сүтті сиырлар үшін субсидия көлемі мынадай: 

Зәуре Хамитова, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаментінің басқарма басшысы:

- Ал сүтті бағытқа келетін болсақ, шаруа қожалықтарына отандық сүтті бағыттағы аналық мал басын сатып алған кезде 350 мың теңге субсидия қарастырылған. Ал Украина, ТМД елдерінен алып келсе, аналық бас малға 390 мың теңге субсидия қарастырылған. Сондай-ақ Оңтүстік, Солтүстік Америка және Еуропа елдерінен аналық бас малдарын алып келсе, оларға бір басқа 700 мың теңге көлемінде субсидия қарастырылған.

Бұдан бөлек, биыл мал шаруашылығын дамытуға арналған бесжылдық бағдарлама қабылданды. Соның негізінде «Береке» және «Игілік» жобалары іске қосылды. Шаруалар малын асылдандыру үшін жеңілдетілген несие ала алады. Өтінімдер қабылданып жатыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz