RU
Толық нұсқаға өту

Семей қаласында робототехникадан республикалық турнир өтті

14.05.2026, 11:39 35

Білім мен технологияны ұштастырған байқауға еліміздің әр өңірінен 200-ден астам оқушы қатысты. 

Тартысты дода барысында жас өнертапқыштар өздері құрастырған құлтемірді бірнеше кезең бойынша сынақтан өткізді. Яғни жылдамдық пен дәлдік және берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындауы бойынша бақ сынады.

Жыл сайын ұйымдастырылатын жарыстың тақырыбы өзгеріп тұрады. Биыл – археологиялық бағытқа басымдық берілген. Сондықтан оқушылар қазба және іздеу жұмыстарына қолдануға болатын құлтемір құрастырған. Мәселен, павлодарлық Әділбек Бағдаттың роботы металл іздеуге арналған.

Әділбек Бағдат, турнирге қатысушы:

- Біз өз роботымызды оқу жылының басынан бастап жасаған болатынбыз. Одан көп жұмыс өткен. Мұның ерекшелігі – миссияларында. Яғни бір саптама бірнеше миссияларды жасап, уақытты үнемдеуге көмектеседі. Сонымен ол басқа роботтардан ерекшеленеді.

Семейде құлтемір құрастыру ісі кең қанат жайып келеді. Содан да болар жергілікті оқушылар сайыста ерекше белсенділік танытты. Жалпы қазір шағын шаһарда бағдарламалау мектептері, IT колледждері, тіпті STEP халықаралық академиясының филиалы жұмыс істейді. Онда оқушылар бағдарламалаудың жаңа әдістерін үйренеді.

Айдос Тұрсынбеков, Ustem Foundation қорының өкілі:

- 2023 жылдан бастап мен осы сайысқа команда жетекшісі ретінде қатысып келемін. Қазір өңірдегі құлтемір құрастыру ісін дамытуға күш салып жатырмын. Бұл жерде тек роботтар жарысы ғана емес, оқушылар дрон ұшырудан да өз бақтарын сынап жатыр.

Жадыра Ниязбекова, облыстық «Дарын» орталығының директоры:

- Бұл іс-шараның басты мақсаты Абай облысындағы осы бағытты дамыту бағытында ұйымдастырып отырмыз. Сонымен қатар бұл жерде жарыс қана емес, қатысып жатқан қатысушылар дос табады, тәжірибе алмасады.

IT мамандарының ендігі міндеті – адам тәрізді роботтар құрастыру. Өйткені ондай құлтемірге сұраныс жоғары. Әсіресе ірі өндіріс ошақтары көп пайдаланады. Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары бұл роботтар күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналады. Сондықтан мұндай техникамен жұмыс істей алатын ұрпақты бүгіннен бастап тәрбиелеу керек.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Ботакоз Дандыбаева, Медет Омирханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz