Алматы облысының Талғар қаласында жеке сот орындаушысы соққыға жығылды. Оқиға оның кеңсесінде болған, деп хабарлайды «24KZ».
Оқиға барысында алимент бойынша борышкердің ұлы жеке сот орындаушысына қол көтерген. Соққы салдарынан маманға мидың шайқалуы және жұмсақ тіндердің зақымдануы диагнозы қойылған.
Күдікті жедел түрде ұсталып, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 409-бабы – сот төрелігін жүзеге асыруға байланысты күш қолдану немесе қорқыту әрекеттері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Мәліметке сәйкес, оқиғаның себебі – алимент бойынша берешекке қатысты жеке сот орындаушысының әрекеттерімен келіспеушілік. Бұған дейін тараптар медиация рәсімінен өткен.
Республикалық жеке сот орындаушылар палатасының дерегінше, бұл жыл басынан бері тіркелген төртінші жағдай.
Бұған дейін Қостанай облысында алимент өндіру ісі кезінде жеке сот орындаушыға пышақпен шабуыл жасалған. Кейін бұл іс қайта сараланып, аса ауыр қылмыс бабына ауыстырылып, 408-бап бойынша сотқа жолданған. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында да осындай фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталған.
Республикалық жеке сот орындаушылар палатасы қызметтік міндетін атқару кезінде жасалған мұндай әрекеттерді қатаң айыптайтынын және кінәлі тұлғалардың заң аясында жауапқа тартылуы тиіс екенін мәлімдеді.
Тегтер #Жеке сот орындаушысы #Талғар #Алматы облысы #борышкер #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz