RU
Толық нұсқаға өту

Курорттарда 4,9 млн адамға қызмет көрсетілді

14.05.2026, 20:20 33

Былтыр елдегі курорттық аймақтарда 5 млн-ға жуық адамға қызмет көрсетілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 11,6% - ға көп.

Кейінгі 5 жылда келушілер саны шамамен 3 есе өсті. Көш басында Алматы тау кластері тұр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша шаһарда 3 млн-ға жуық адам демалған. 

Иә, жоғарыда айтылған Алматы тау кластеріне келген 3 млнға жуық адам елдегі барлық курорттық аймақтағы туристердің жалпы санының 60-тан астам пайызын құрады. Яғни кейінгі бір жылда келушілер саны 10 пайызға өскен.

Көш басында Алматы болса, екінші орында Щучье - Бурабай курорттық аймағы 463 мың келушіні қабылдады. Үздік үштікті Маңғыстау өңірі түйіндеп тұр -  370 мың турист. Дегенмен, соңғы аталған аймақта демалушылар саны бір жылда 9,5 пайызға азайған. Kazakh Tourism дерегінше, ішкі туризм қарқыны жоғары. Бұған бірнеше себеп бар. Ең негізгісі, көпшілік сырттағы саяси тұрақсыздыққа байланысты ел ішін аралауды құп көреді. Бұл өте жақсы үрдіс, дейді сарапшылар.

Алматы тау кластері

2025 ж. – 2,9 млн адам

2024 ж. – 2,7 млн адам 

Бурабай курорттық аймағы

2025 ж. – 463,1 мың адам

2024 ж. – 346,8 мың адам 

Маңғыстау курорттық аймағы

2025 ж. – 370,1 мың адам 

2024 ж. – 408,9 мың адам

Талғат Ғазизов, Kazakh Tourism басқармасының төрағасы:

- Ішкі туризм жыл сайын қарқынды дамып келеді. Пандемиядан кейінгі кезеңмен салыстырғанда оның көлемі үш есе өсті. Бүгінде елдің кем дегенде әр екінші тұрғыны өмірінде бір мәрте болса да тұратын жерінен тыс аймақтарға сапар шеккен. Қазақстан біртіндеп маусымдық туризм моделінен жыл бойғы туризм форматына көшіп жатыр. Зиярат ету, экологиялық және гастрономиялық туризм белсенді түрде дамып жатыр.

Айтпақшы, Қазақстанға халықаралық Gault & Millau гастрономиялық гиді келеді. Kazakh Tourism мәліметінше, гид мамандары мегаполистердегі мейрамханалардың қызметін бағалап, оларды халықаралық рейтингке енгізу мүмкіндігін қарастырады. Сонымен қатар, елде оқиғалық туризм де танымал бола бастады. Бұл бағыт аясында қонақтарға қазақтың дәстүрлері мен ауыл өмірінің шынайы атмосферасы таныстырылады.

Екатерина Смолякова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Туризм - әдемі презентациялардың көптігінен немесе туризмді дамытуға арналған стратегиялар мен тұжырымдамалардан ғана құралмайды. Ең бастысы Қазақстанға келген әр адам мұнда қайта оралғысы келуі керек. Осыған байланысты инфрақұрылым, ведомствоаралық үйлестіру мен тиімді коммуникация аса маңызды.

Биыл 4 жаңа әуежай пайдалануға беріледі

Жыл соңына дейін елде төрт жаңа әуежай пайдалануға беріледі. Үшеуі курорттық аймақтар - Қатон-Қарағай мен Кендірліде, сондай-ақ Зайсан қаласында бой көтерсе, төртіншісі Арқалық қаласының әуежайы. Қазір бұл нысандардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр, - дейді Азаматтық авиация комитетінің өкілдері. Жаңа әуе айлақтары ішкі және халықаралық рейстерді қабылдай алады. Алдағы үш жылда салада 11 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асады. Биыл халықаралық әуе желісін 135 бағытқа дейін кеңейту жоспарланып отыр.

Сәрсен Жарылғасов, ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:

- Мысалы, Қатон-Қарағай, Зайсан, Кендірліде жаңа әуежай, ал Арқалықта бұрын болған әуежайды қалпына келтіру жұмыстар жүріп жатыр. Бұл жобалар биылғы жылы аяқтау жоспарланып отыр. Толық көлемде қаржыландыру бар, мердігерлер бар сондықтан биыл күтіп отырмыз. Және де бұл жобалар туризм саласы сол мекендерге үлкен әсерін береді деп сенеміз.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz