Алматы облысында жаппай сенбілік ұйымдастырылды. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы шараға бұл жолы 21 мың адам қатысты.
Ауыл-аймақта 239 гектар аумақ тазартылып, 462 тонна қоқыс арнайы полигонға шығарылды. Тазалық жұмыстарына 134 бірлік техника жұмылдырылды.
Облыс аумағында жыл басынан бері 13 рет жалпыөңірлік сенбілік өтті. Нәтижесінде 4572 гектар аумақ тазартылып, 7 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Көшелер мен саябақтар абаттандырылып, 100 мыңдай ағаш егілді. Бұл жұмыстарға мыңнан астам техника жұмылдырылды.
Алина Түсіпбаева, облыстық ТҮКШ және абаттандыру басқармасының бөлім басшысы:
- «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын іске асыру шеңберінде облыста экологиялық жағдайды жақсартуға және аумақтарды абаттандыруға, тұрғындар арасында, халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған іс-шаралар ауқымды түрде өткізіліп келеді. Аталған іс-шараларға облыстық әкімдік өкілдері, мемлекеттік органдар, тұрғындар, шағын және орта кәсіпорындар, волонтерлар қатысуда.
Ал бүгін облыс орталығында өткен «Таза бейсенбі» экологиялық іс-шарасына қатысушылар «Барыс» монументінен бастап, Қонаев даңғылының бойында тазалық жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 34 гектар аумақ тазартылып, 21 тонна қоқыс шығарылды.
Дамир Нұрқасым, қала тұрғыны:
- Бір қуантатыны бұл жерде адам санының көптігі, шынайы жұмыс істеп жатқандығы. Едәуір адам қыдыратын жерлер бар, локация да әдемі таңдалған. Сол жердің барлығын тазаладық. Жақсы сөз бар «Тазалаған жер таза емес, ластамаған жер таза» дейді. Тазалыққа бейжай қарамай, басқаға үлгі бола білсе, мен ойлаймын бұл акция өзінің жаңағындай жемісін береді деп.
Өңірлік тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының мамандары «Таза Қазақстан» республикалық акциясы барысында ұйымдастырылатын экологиялық іс-шаралардың алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Таза Қазақстан #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz