RU
Толық нұсқаға өту

Шегіртке шеруіне қарсы күрес

14.05.2026, 22:10 34

Биыл жазда 2 млн гектар аумақты шегіртке басуы мүмкін. Бұндай болжамды бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Зиянкестермен күресу үшін бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлінді. Қыруар қаржы қайда және қалай жұмсалып жатыр? Шегірткелер шаруаларды шығынға батыра ма?

Шапқыншылыққа шыққан шегірткелерді шамадан тыс көбейтіп алмау керек. Етке де, егінге де салдары шаш етектен. Жайылым жерлерді жайпап, алдына келген алқапты отап тастайды. Соңғы рет елдегі ең үлкен шегірткелер шеруі 2024 жылы тіркелді. 3 млн гектар аумақта тік қанаттылар қаптады. Осыдан соң шығынға батқан шаруалар егін егуге сескеніп қалды. Бірақ былтырдан бері бұл қорқыныш сейілгендей.  Өткен жылы 2,7 млн гектар жер зиянкестерден тазартылса, биыл бұл көрсеткіш 2,2 млн гектарға барады деп болжануда.

Ермек Кенжеханұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Бұл көрсеткіштер 2024 жылмен салыстырғанда 31,5%-ға төмнендеп отыр. Ал өткен жылмен салыстырғанда ол 18,5%-ға төмендеп отыр. Республикалық бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл көрсеткіш бойынша да жылдан жылға өңдеу алқаптарының азаюуымен қатар, бюджеттен берілген қаражаттың да көлемі азайып отырғанын байқап отырсыздар.

Биыл көшпенді зиянкестермен күресу үшін 530 техника, 3 жарым мың маман, 57 дрон жұмылдырылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұшқышсыз ұшатын аппараттарды сатып алуда аянып жатқан жоқ. Өйткені 1 адам 1 күнде 800 гектар жерді залалсыздандырса, 1 дрон 5 мың гектар аумаққа дейін тазалауға қауқарлы.   

Шегірткелерге қарсы күрес

530 техника
3  400 маман
57 дрон

1 адам – 1 күнде 800 гектар жер
1 дрон – 5 гектар

Ермек Кенжеханұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Үкіметтің үнемделген ақшасына біз сатып алған болатынбыз. Қазіргі уақытта пайдаланып жатырмыз. Былтыр 52 мың гектар жерге өңдеу жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Биылғы жылы негізгі болжам есебінен 47 мың гектар өңдеу жұмысын атқарамыз деген есебіміз бар.

Шегіртке – Африка елдерінде құмырсқадан кейін ең көп желінетін жәндік. Ал Еуропада бұл зиянкестерден жем жасап, мал азығы ретінде пайдаланылады. Шетелдік тәжірибиені көрген біздің Үкімет басшылығы да бірер жыл бұрын шегірткелерді қырып-жойып қана қоймай, кәдеге жаратуты тапсырған-тын. Оның нәтижесі қандай болды деген сауалды вице-министрге қойдық.

Ермек Кенжеханұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Ғалымдар бұл бағытта қосымша зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Енді оның нақты тиімді нәтижесі болды деген жағдайда оны қолданатын боламыз. Бірақ бүгінгі таңда ең тиімдісі оны жою жұмыстары. Яғни әзірге нақты нәтиже жоқ қой? Ғалымдар тарапынан әлі ұсыныстар берілген жоқ.

Зиянкестерден пайда көрмесек те, зиян тартпасақ болғаны. Ведомствоның ақпарынша әдетте көрші елдерден көшіп келіп, үрей туғызатын үйірлі шегіркелерден әзірге қауіп жоқ.

Авторы: Шерхан Абзалұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz