Елордада мәйіттік донордың бірнеше ағзасы бір мезетте 5 адамға трансплантацияланды. Марқұмнан жүрек, өкпе, бауыр және бүйрек сынды өмір үшін маңызды органдар алынды.
Операция жасалғандардың ішінде бір бала бар. Ағза алмастыруға мұқтаж жандар ұзақ жыл кезек күтіп, есепте тұрды. Өлімнен кейін ағзасын донорлыққа берген адамның туыстары бұндай күрделі шешімге қалай барғандарын баяндап берді.
45 жастағы Әлия есімді әйел кенеттен көз жұмды. 6 сәуір күні ол жұмыстан келе жатып ес-түссіз құлаған. Бірден ауыр халге түсіп, дәрігерлер өмірі үшін күні-түні күресті. Алайда, үміт үзіліп, дәм-тұзы таусылды. Жағдайдан кейін дәрігерлер туыстарына мәйіт донорлығы мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Жақындарына шешім қабылдау оңай болған жоқ. Алайда келісім беруге марқұмның көзі тірі кезінде айтқан сөздері әсер еткен.
Қазима Ғайсарова, мәйіттік донордың анасы:
- Білмеймін, бәлкім, бір нәрсені сезген шығар. Ол маған үнемі: Анашым, егер бір жағдай болса, ағзаларымды басқа адамдарға беріңіздер. Мен солай басқаларға өмір сыйлау арқылы тірі қаламын дейтін. Бұл науқастар өмір сүрсін, бақытты болсын. Мен де қызым тірі сияқты сезінемін. Өзімді осылай жұбатамын деп шешім қабылдадым.
Мәйіттік донордың 5 ағзасы алынды. Сараптама трансплантацияға жататын барлық органы жарамды екенін көрсетті. Жүрек, бауыр, өкпе мен екі бүйрек кезектегі 5 адамға берілді. Дәрігерлер бұл операцияларды сәтті орындады. Бүгінде жаңа ағзаға ие болған науқастардың жағдайы жақсы.
Сәуле Абраева, ҚР ДСМ Транспланттау және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру орталығының үйлестірушісі:
- Көпшілікте мәйіт донорлығына келісім беру жайында қате түсінік қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Ағзалар тек ми өлімі расталғаннан кейін ғана алынады. Ми өлімін бірнеше маман тыңғылықты клиникалық тексерулер арқылы растайды. Ми өлімі 24 сағат ішінде нақтыланады. Ол расталмайынша, пациент ықтимал донор ретінде қарастырылмайды.
Бүгінде 16 мыңнан астам қазақстандық eGov платформасы арқылы мәйіт донорлығына келісім берген. Ал 100 мыңнан астам адам одан бас тартқан. Ағза трансплантациясын күткендер тізімінде 4600 адам бар. Жыл сайын олардың саны артып келеді.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Астана #донорPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz