RU
Толық нұсқаға өту

Малды асылдандырудың жаңа тәсілі

15.05.2026, 08:25 37

Қазір асыл тұқымды мал үшін шетел асып, шығынға ұшыраудың қажеті жоқ.

Өзіміздің мамандар қолдан ұрықтандырып береді. Жаңа технологияның түр-түрін меңгерген. Тіпті болашақ төлдің не аталық, не аналық болатынын да алдын ала біле аласыз. Ғалымдар бұл тәсілді де өндіріске енгізгелі жатыр. 

Шаруалар енді болашақ төлдің  аталық немесе аналық боларын өздері таңдайды. Елде алғаш рет малдың ұрығы сұрыпталғалы жатыр. Биоматериалдағы Х және Ү хромосомалы сперматозоидтар бөлек түтікшеде сақталады. Мал шаруашылығын асылдандыру орталығы мамандарының айтуынша, бұл технология ТМД елдерінде әлі енгізілмеген. Қазақстан да мұндай биоматериалды Еуропа мен Америкадан сатып алып жатыр. Жыл сайын шамамен 500 мың доза импортталады. Бұдан былай, малды қолдан ұрықтандырудың осы әдісі өзімізде қолданыла бастайды. Сол үшін Францияның заманауи құрал-жабдығын сатып алу және мамандарды оқыту бойынша келісім жасалып жатыр.

Болат Сейсенов, мал шаруашылығын асылдандыру орталығының басқарма төрағасы:

- Қазақтың ақбасы мен әулиекөл ұрығының Х, Ү бөліп шығаруға тырысып жатырмыз. Шетелден біздің селекция бойынша тұқымдар жоқ. Оларда голштин бар, ангус бар, герефорд бар, симентал бар. Сол сименталды да, сол ангусты да, сол герефордты да Қазақстанда Х пен Ү бөліп шығаруға болады.

Жаңа технологияның енгізілуі импортқа тәуелділікті күрт азайтып қана қоймай, экспортқа жол ашады. Өйткені Орталық Азия мен ТМД елдері алыстан арбаламай-ақ, биоматериалды Қазақстаннан сатып алуға тырысады. Бұл біздің елдің экономикасы үшін оң нәтиже. 

Болат Сейсенов, мал шаруашылығын асылдандыру орталығының басқарма төрағасы:

- Қазір инвестпроекттің жобасы жазылып жатыр, дайындап жатырмыз. Бюджет уже бар. Ал әрі қарай Үкіметтен сұрау үшін минфинге шығарып, келісімге отыруға болады деп ойлаймыз. Осы жылдың аяғына дейін проект шығады деп ойлап отырмыз. Бәрі дұрыс болса, 2027-2029 жылға дейін осы жоба бойынша ұрықтың сапасы мен Х, Ү бөліп шығаруға болады. 

Елде малды қолдан ұрықтандыруға мемлекет тарапынан 2 түрлі субсидия беріледі. Алғашқысы ұрықтандырушы-техник мамандарға арналған. 

Олар көрсетілген қызметіне қарай, яғни, ірі қараның әр аналық басы үшін 5000 теңгеден, қойдың аналық басы үшін 1500 теңгеден алады. Былтыр бұл мақсатқа бюджеттен 71 млн теңге жұмсалса, биыл 136 млн теңге қарастырылып отыр. Демеу-қаржының екінші түрі асыл тұқымды мал ұрығын сатып алған шаруалардың өзіне тиесілі.

Зәуре Хамитова, ҚР АШМ мал шаруашылығы департаментінің басқарма басшысы:

- Бұқалардың ұрығын сатып алғаны үшін субсидиялар қарастырылған. Бір жынысты ұрыққа 10 мың тг субсидия беріледі. Ал екі жынысты ұрыққа 5 мың теңге көлемінде субсидия қарастырылған. Биыл бұқалардың ұрығын сатып алуға 638 млн теңге қарастырылған.

Қазіргі кезде Ресей жағы симментал мен қазақтың ақбасы сиырына, сондай-ақ еділбай қойына қызығады. Ал Моңғолия ақбас пен ангусты, Қырғызстан Голштин мен Алатау сиырын көбейтуге ниетті. Отандық ғалымдар енді жаңа технология арқылы малдың осы тұқымдарына басымдық бергелі отыр.

Еркебұлан Смадияров, Ержан Рахманбердиев, Марат Диқанбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz