RU
Толық нұсқаға өту
Фото: gov.kz

Аспанды бағындырған Хиуаз Доспанова: батыр қыздың ерлік жолы

15.05.2026, 12:38 42

15 мамыр – қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың туған күні. Батырдың ерлігі мен қайсарлығы ұлттық тарихи жадының маңызды бөлігіне айналған, деп хабарлайды «24KZ».

Ел тарихында ерлігімен ерекше із қалдырған Хиуаз Доспанова – кеңестік авиациядағы түнгі бомбалаушы авиация полкінде штурман ретінде қызмет еткен алғашқы қазақ әйел-ұшқыштардың бірі. Ол Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында аса қауіпті жауынгерлік тапсырмаларды орындап, ерлігімен танылды.

Хиуаз Доспанова 1922 жылы 15 мамырда қазіргі Атырау облысында дүниеге келген. Бала кезінен-ақ аспанға құштар болып өскен ол Орал қаласындағы №1 орта мектепті үздік аяқтап, жергілікті аэроклубта запастағы ұшқыш куәлігін алған.

Алғашында Мәскеудегі Н. Е. Жуковский атындағы Әскери-әуе академиясына түсуге талпынғанымен, кейін Бірінші Мәскеу медицина институтына қабылданып, білім жолын жалғастырады. Дегенмен оның өмір жолы авиациямен тығыз байланысып, соғыс жылдары нағыз ерлік жолына айналды.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Хиуаз Доспанова 588-ші түнгі бомбалаушы әуе полкінің штурманы ретінде майданға аттанды. Ол Оңтүстік майданнан бастап Кавказ, Украина, Беларусь және Еуропа аумақтарындағы шайқастарға қатысты. Батыр ұшқыш 300-ден астам жауынгерлік ұшу жасап, талай қауіпті тапсырмаларды орындады. Екі мәрте ауыр жараланса да, қайта сапқа оралып отырды.

Соғыс жолындағы ерлігі үшін ол Қызыл Жұлдыз, Қызыл Ту, II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. 2004 жылы оған «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Соғыстан кейін Хиуаз Қайырқызы азаматтық авиация саласының дамуына үлес қосып, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге белсене атсалысты. Ол ерлік пен адалдықтың, қайсар рухтың символына айналды.

Хиуаз Доспанова 2008 жылы 20 мамырда өмірден өтіп, Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді. Бүгінде оның есімі ел жадында сақталып, Ұлы Жеңіс тарихындағы қазақ әйелдерінің ерлігін айшықтайтын мәңгілік бейнеге айналған.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz