RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда сейсмикалық оқу-жаттығу өтті

15.05.2026, 13:44 37

Алматыда қалалық сейсмикалық оқу-жаттығу өтті.

Жедел түрде хабарлау жүйесі іске қосылып, дабыл қағылды. Теле-, радиоарналар эфирі тоқтатылып, MassAlert жүйесі арқылы жедел хабарламалар жолданды. Қала тұрғындары Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушыларымен бірлесіп, жер сілкінісі сценарийін пысықтады. Оқу-жаттығу мегаполистің бірнеше нысанында сауда орталықтарында, салынып жатқан тұрғын үй кешендерінде, мектептерде қатар ұйымдастырылды.  

Сценарий бойынша жер сілкінісінен кейін құрылысшылар ғимараттан шыға алмай қалады. Оқиға орнына құтқарушылар, дәрігерлер және төтенше қызмет мамандары жедел жетті. Зардап шеккендерді эвакуациялау үшін авиация тартылды. Тікұшақ ғимараттың шатырына қонды. Құтқарушылар адамдарды іздеу, эвакуациялау және алғашқы медициналық көмек көрсету әрекеттерін пысықтады. 

Осындай жаттығулар қаланың бірнеше жерінде қатар өтті. Жер сілкінісі кезінде, одан кейін не істеу керек? Қандай іс-қимыл жасаған жөн? Осыны білген ешқашан артық болмайды. Себебі Алматы сейсмикалық аймақ. Апаттың аты аулақ десе де, қарапайым ережелерді білгеннің айыбы жоқ. Әсіресе халық көп жиналатын орындарда дүрбелең тудырмаған абзал. Сондықтан әркім осындай кезде не істеу керектігін міндетті түрде білуі тиіс. 

Тұрғындар құтқарушылардың айтқанын орындап, ғимараттан ұйымдасқан түрде шығып, қауіпсіз жерге жиналды. 

Есболат Уәлиев, алғашқы әскери дайындық  пәнінің мұғалімі:

- Бірінші мектепке келеді. Енді мектепке келетін болсақ бәрі жүгінетін жер спорт кешені дейді, Спорт кешенін көріп отырсаңыздар конструкцияның бәрі темірден жасалған. Ондай қорқынышты емес. Балкалары сейсмостойкий  Адамдарды осы жерде қабылддаймыз. Бірінші жатын орынмен, тамақ орынмен, қауіпсіздік жермен қамтамасыз етеміз халыққа.

Алматылықтар да жауапкершілікті сезінеді. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары жеке қауіпсіздігіне анағұрлым байыппен қарай бастаған.

Татьяна Шеляк, қала тұрғыны:

-  Құжаттарымды дайындап қойдым. Суды үнемі ауыстырып құйып қоям. Сонымен қатар көлігіме жылы киімдерді салып қойдым. Жамылғы, шұлық, сіріңке сияқты заттарды алып алдым. «Сақтансаң  сақтаймын» дейді. Оның артықтығы болмайды. 

Сонымен қатар халықты автомобиль және поезбен эвакуациялау тәжірибе жүзінде пысықталды. Қауіпті өндірістік нысандарда шартты химиялық және биологиялық апаттарды жою жұмыстары жүргізілді. Сейсмикалық жаттығу барысында мегаполисте зардап шеккен халықты қабылдайтын 384 пункт ашылды.

Ануар Юсупов, қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:

- Осындай модульдік контейнерлерді орнату бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл  контейнерде төтенше жағдай кезінде қажет болатын мүліктер сақталған. Жиналмалы төсектер, шатыр жабдықтары, асханаға арналған құралдар, кесе,  қасық секілді қажетті заттар бар.

Мұндай контейнерлер 100 мектепте орнатылған. Алдағы уақытта оны  қаланың барлық оқу орындарына да орналастыру жоспарланып отыр. Жалпы сейсмикалық жаттығуға 1000-нан аса жеке құрам қызметкері мен 150 техника жұмылдырылды.

Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz