Қазақстанда соңғы он жылда қанша жұп шаңырақ көтергені белгілі болды.
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2015 жылы елде 148,8 мың неке тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 116 мыңға дейін төмендеген. Осылайша, соңғы он жылда неке саны шамамен 22 пайызға азайған.
Сонымен қатар 1000 адамға шаққандағы неке саны да азайып отыр. Егер 2015 жылы бұл көрсеткіш 8,48 болса, 2025 жылы 5,69-ды құраған.
Өңірлер арасында ең көп неке Астанада тіркелген – 1000 адамға 6,75 неке. Ал ең аз көрсеткіш Қызылорда облысында – 5,06 және Батыс Қазақстан облысында – 5,1. Сарапшылар мұны елордаға жастардың көп келуімен және еңбекке қабілетті халықтың шоғырлануымен байланыстырады.
Статистикаға сәйкес, Қазақстанда некеге кеш тұру үрдісі де байқалады. Соңғы 10 жылда алғашқы некеге тұру жасы ерлерде 0,7 жылға, әйелдерде 0,6 жылға өскен. Қазір ерлер орта есеппен 27,9 жаста, ал әйелдер 25,3 жаста шаңырақ көтереді.
Айта кетейік, соңғы 20 жылдағы ең көп неке 2012–2013 жылдары тіркелген. Ол кезде 1000 адамға шаққанда 9,8–9,9 неке болған. Ал 2005 жылы бұл көрсеткіш 8,12 болған.
Мамандар некелер санының азаюына демографиялық өзгерістер әсер еткенін айтады. Яғни 1990 жылдардың соңындағы туу көрсеткіші азайған кезеңнің әсері қазір неке жасына жеткен жастар санына да ықпал етіп отыр. Сонымен қатар жастардың білім алу, жұмысқа орналасу және қаржылық тұрақтылыққа ұмтылуы да некені кейінге қалдыруға әсер етіп келеді.
Тегтер #неке #отбасы #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz