Парламент Палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Жаңа құжаттың мәртебесі мен міндеттерін Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев таныстырды. Сонымен Президенттің пәрменімен құрылатын Кеңестің құзіреті қандай? Оның құрамына кімдер кіре алады?
Шерхан Абзалұлы, тілші:
- Былтыр ғана 30 жылдығын атап өткен Ассамблеяның заңды күші жойылады. Соңғы жылдары дәстүрге айналған Ұлттық Құрылтай екеуінің орнына енді Халық Кеңесі құрылады. Су жаңа институттың көздегені – мемлекет пен халық арасындағы диалог алаңына айналу. Мүшелікке бас-аяғы 126 адам кіреді. Олар этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар, коммерциялық емес сектор және мәслихаттар мен қоғамдық кеңес сияқты топтардың өкілдері болады. Халық кеңесінің мүшелері 4 жылға сайланады. Төрағасы да тура солай. Алайда Президенттің ұсынысымен сайланатын басшы екі реттен артық бұл қызметті тізгіндей алмайды.
Ерлан Саиров, Қр Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Халық Кеңесі бірінішден, Құрылтайға заң жобаларын ұсына алады. Екіншіден, ҚР референдум өткізу жөнінде бастамашы бола алады. Үшіншіден, ҚР ішкі саясаты бойынша барлық аспектілерге өзінің ұсыныстарын бере алады.
Парламент Палаталарының бірлескен басқосуында бас қаланың болашағы да баяндалды. Енді елорданың мәртебесі конституциялық деңгейде ерекшеленеді. Баспаналардың бей-берекет бой көтірелуіне, жабайы жарнамалардың көбеюіне жол берілмейді. Бекітілген бас жоспар бойынша ғимараттардың сыртқы сәулеті біркелкі болуы шарт.
Бауыржан Омарбеков, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
- Жаңа нысандарға қатысты оңайырақ. Ал әрекеттегі нынысандарға келісім жүзінде әкімдіктің арнайы мекемесі бар. Солар жүргізіп отырады. Қажет болған жағдайда бюджет есебінен жасалады. Қажет болған жағдайда бизнестің есебінен жасалады. Ол енді әр нысанға жеке-жеке байланысты.
Осы секілді елдегі қала мен ауыл атауын өзгерту тәртібі де жаңарады. Сенат депутаты Әли Бектаевтың сөзінше қолданыстағы құжат соңғы 30 жылда ескіріп, қазіргі талаптарға сай келмей қалған. Ал жаңа Ата заңдағы өзгерістер кем кетіктерді жоюға бағытталған.
Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Жаңа Конституциялық заң жобасында нақты талаптар енгізіледі. Елді мекендердің шекаралары тек бекітілген бас жоспарлар негізінде айқындалады. Ал есепке алу мен тіркеу бірыңғай ақпараттық жүйелер арқылы жүргізіледі. Бұл деректердің нақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, жүйелі әрі сапалы шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Осылайша, күн тәртібінде қаралған мәселелелер бірінші оқылымда мақұлданды. Өзге де өзгерістер мен толықтырулар екінші оқылымға дейін енгізілетін болады.
Авторы: Шерхан Абзалұлы
Тегтер #парламент #палата #депутаттар #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz