RU
Толық нұсқаға өту

Түркістандағы тарихи саммит

15.05.2026, 18:29 41

Түркістан тағы түркі жұртының тағдырлы шешімдері қабылданатын тарихи алаңға айналды. 

Бұл жолы бауырлас елдердің басшылары рухани астанада бас қосып, жасанды интеллект пен цифрлық дамудың келешегін талқылады. Саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің IT хабтарының бірлескен орталығын құруды ұсынып, Түркістанда Түркі өркениеті орталығы ашылатынын мәлімдеді. Келелі кеңесте тағы қандай мәселелер талқыланды?

Мыңжылдық тарихы бар Түркістан бүгін жоғары деңгейдегі қонақтарды қарсы алып жатыр. Әуежайда қарбалас. Түркілердің басын біріктірген маңызды жиынға бауырлас елдің басшылары арнайы ат терлетіп келді.

Риат Шони, тілші:
- Түркістан
– Түріктің Тәңірі берген несібесі. Бұл қала ғасырлар бойы Ұлы Даланың жүрегінде бой көтеріп, сан ұрпаққа бағдар болған қасиетті орталық ретінде қалыптасты. Ұлы Жібек жолының маңызды торабы саналған шаһар сауда мен мәдениет, білім мен өркениет тоғысқан кеңістікке айналды. Қала түркі дүниесі үшін әрдайым тұтастықтың нышаны саналады. Сондықтан да бауырлас елдер басшыларының қасиетті жерде бас қосуы кездейсоқтық емес. Себебі киелі қалада айтылған әрбір бастама – тек бүгінгі күннің емес, келешек ұрпақтың да игілігіне қызмет етпек.

Бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымы ортақ тарихты талқылап, құндылықтарды ғана дәріптейтін емес, маңызды стратегиялық шешімдерді ортаға салатын таптырмас алаңға айналды. Осы жолы Түркістанда бас қосқан бауырлас елдердің басшылары «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбында ой өрбітіп, заман талабына сай технологиялық серпілістің жаңа бағытын айқындауға кірісті. Себебі цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде бәсекеге қабілеттілік енді табиғи ресурспен емес, білім және технологиямен өлшенеді. Бұл үрдістен түркі әлемінің де шет қалмауы маңызды.

Бауыржан Әукен, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ жетекші сарапшысы:
- Бұл неге маңызды? Себебі қазір Қазақстан бірнеше жылдар бойы электронды үкімет бойынша әлемдік топ ондыққа кірген болатын бір жылдары. Сонымен қатар қазіргі таңда одан кейін сандық экономикаға мән берді. Қазіргі таңда енді жасанды интеллектке мән беріп отыр. Осы ретте енді бүгінгі күннің тақырыбы жалпы Қазақстанның алға қарай ұмтылған мемлекет екендігінің бірден-бір дәлелі деп айтсақ та болады.

Түбі бір бауырлас елдер әлем картасында маңызды рөлге ие. Ұйымға мүше мемлекеттерде 175 млн адам тұрады. Яғни қазіргі жаһандық сауда саясатындағы негізгі ойыншылар. Елдер арасындағы өзара тауар айналымы бүгінде 13 млрд долларға жетеді. Сарапшылардың сөзінше, осы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуда цифрлық шешімдерді кеңінен қолдану қажет.

Риззат Тасым, саясаттанушы:
- Мысалға, бірлескен сауда айналымын бақылау бойынша бірлескен цифрлық платформалар құру, одан бөлек цифрлық қолма-қол ақшадан көрі цифрлық активтерді алмасуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету сұрақтары өте перспективті бағыттардың бірі болады. Сондықтан да одан бөлек ең маңыздысы, білесіздер, әрбір әсіресе осындай платформаларды қарастырғанда «Даму қоры бар ма, жоқ па?» деген сұрақ туындайды. Қуаныштысы, Түркі мемлекеттері ұйымы аясында инвестициялық қор құрылған болатын. Бүгінгі таңда оның көлемі 600 миллион АҚШ долларына жетіп отыр.

Инновациялық озық ел болу үшін әрине, білім-ғылым саласына ерекші мән беру қажет. Саммитте сөз алған Президент қажетті мамандар даярлау үшін оқу орталықтарын көптеп ашуға шақырды. Тағы Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құру бастамасын көтеріп, жастар арасында жыл сайын ғылыми-технологиялық олимпиада өткізуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз Қазақстанда жаңа форматтағы технологиялық оқу орны
– Жасанды интеллект университетін ашуды жоспарлап отырмыз. Жоғары оқу орнында Түркі мемлекеттерінің азаматтарын оқыту үшін арнайы гранттар бөлуге дайынбыз. Бағдарламалау, жасанды интеллект және озық цифрлық технология салалары бойынша түркі елдерінің жастары арасында жыл сайын ғылыми-технологиялық олимпиада ұйымдастырған жөн деп санаймын. Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін Түркі инвестициялық қоры тарапынан қаржылай көмек көрсетуге болар еді. Биыл қор нақты жобалар бойынша жұмыс істеу тәсіліне көшті.

Қазақстан алдағы жылдары толық цифрлық ел болуды көздеп отыр. Бұл – еліміздің алдында тұрған стратегиялық міндет. Осы бағытта ілкімді істер атқарылып жатыр. Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылып, екі бірдей суперкомпьютер іске қосылды. Ендігі қадам – деректерді өңдеу орталықтарының алқабын құру. Маңызды жоба аймақ елдеріне жетекші технологиялық компаниялармен жаһандық цифрлық капиталды тартуға зор мүмкіндік бермек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір әрбір елде IT жобаларға арналған технопарктер бар. Мен Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің IT хабтарының бірлескен орталығын ашуды ұсынамын. Орталыққа Turkic AI атауын беріп, оны Alem.ai орталығында орналастыруға болады.
Бірлескен хаб ортақ мүдделерімізді ілгерілетуге ықпал етері сөзсіз.

Айта кету керек, түркі өркениетінің тарихы тереңнен тамыр тартады. Киелі Түркістанның өзінде ортақ тарихтан сыр шертетін 26 мыңнан астам жәдігер сақталған. Сондықтан да жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен озық технология дәуірінде рухани және мәдени құндылықтарды назардан тыс қалдырмауға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен Түркістан қаласының руханиятымыздағы рөлін ескеріп, осында Түркі өркениеті орталығын құру туралы шешім қабылдадым. Бұл орталық бауырлас елдердің бірлесіп ғылыми зерттеу жүргізуіне, мәдени жобаларды және білім беру бағдарламаларын іске асыруына жағдай жасайды. Сондай-ақ гуманитарлық ықпалдастығымызды нығайта түседі. Орталықтың қызметін тиімді ұйымдастыру үшін Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми-академиялық әлеуетін пайдаланған жөн деп санаймын. Бұл университетке қажетті қаржылай және басқа да жәрдем көрсетіледі.

Бұдан бөлек, саммит барысында мемлекеттер басшылары ғарыш саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сауда-экономика бағытында сандық шешімдерді көптеп қолдану сынды маңызды мәселелерді талқылады. Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Габалада өткен басқосуда цифрлық даму және киберқауіпсіздікке қатысты бірқатар бастама көтергенін еске салып, тиісті тұжырымдамаларды әзірлеп, Ұйымға мүше мемлекеттерге келісу үшін жолданғанын жеткізді. Ал бейресми саммит қорытындысы бойынша тараптар Түркістан декларациясын қабылдады.

Авторлары: Риат Шони, Еділ Ермекбаев және Ділмұрат Сейдаханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz