RU
Толық нұсқаға өту

Түркі жұрты Түркістанда тоғысты

15.05.2026, 21:18 31

Бауырлас елдердің басшылары бұл жолы киелі шаһарда тек символдық бірлікті емес, ортақ болашақтың жаңа бағытын айқындауға жол ашты.

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының бейресми саммитінің басты тақырыбы – жасанды интеллект пен цифрлық даму. Яғни түркі мемлекеттері енді рухани һәм мәдени байланыспен қатар технологиялық ықпалдастықты да жаңа деңгейге көтеруге ниетті. Ал мыңжылдық тарихы бар Түркістан осы маңызды диалогтың алтын көпіріне айналып отыр.

Түркі әлеміне ортақ құндылық –  Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. Қазақтың 21 ханы мен көптеген би-сұлтандары мәңгілік мекен тапқан киелі орын. Түркістан топырағына табаны тиген әр мейман міндетті түрде мұнда ат басын бұрып, зиярат етеді. Бұл дәстүрден бауырлас елдің басшылары да жаңылмады.

Зафер Фетих Бейаз, Anadolu агенттігінің тілшісі:
- Түркістан, Қожа Ахмет Яссауи тұлғасы түркі мәдениеті үшін қастерлі. Сондықтан да осы қасиетті жерде болу үшін біз үшін үлкен құрмет. Қонақжайлылық танытып жатқан қазақ халқына алғысымыз шексіз.

Күмбездері көкке ұмтылған кесенеге келушілер саны еш азаймаған. Былтыр «Әзірет Сұлтан» музей-қорығына 710 мыңнан астам турист келген. Ал биыл алғашқы үш айдың өзінде 120 мыңға жуық жиһанкез киелі топыраққа табан тіреді. Бүгін мұнда келген мәртебелі меймандар қабірхананы, орталық бөлмеде орналасқан қазандықты, тайқазанды және қола лауханы аралап көрді. Кейін Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған кесенеге османдық каллиграф Ахмед Шемседдин Карахисаридің қолынан шыққан Құранды сыйға тартты.

Нұрлан Дүкенбаев, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының міндетін атқарушы:
- 2024 жылы біздің музейге елімізде алғаш рет Президенттің жарлығымен «ұлттық» мәртебе берілді.
Жаңа айтқанымдай, музей-қорыққа ұлттық мәртебе берумен қатар, қазіргі таңда кесенеміздің қорғау аймағы қоршалып жатыр. Алғаш рет бұл да біздің елімізде үлкен аумақтағы осындай музей-қорық нысаны стратегиялық объект ретінде осындай қоршалып, туристердің келуіне, яғни олардың бірінші кезекте қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, екіншіден, цифрландыру, яғни келушілердің нақты санын қанша екендігін анықтау үшін осындай жұмысты Мәдениет және ақпарат министрлігі жүзеге асырып отыр.

Мемлекеттер басшылары Turkistan визит-орталығының да жұмысымен танысты. Мұнда XIV-XV ғасырларға тиесілі cирек жәдігерлер қойылған. Соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи қабірханасының ағаш есігі бар. Сондай-ақ мәртебелі меймандарға Әмір Темірдің тапсырысымен жасалған қола шырағдандар, айдаһар бейнесінде нақышталған қос құлақты шамдар да көрсетілді. Бауырлас елдің басшыларын қарсы алуға Түркістан ерекше дайындалған. Шаһарда бірқатар арт-нысандар ашылған. Солардың бірі – қалаға кіреберіс жақтағы Тайқазанның сәулеттік макеті. Оның биіктігі 10,5 метрге, ал диаметрі 12 метрге дейін жетеді. Тағы мұнда аумағы 2,5 гектарға жететін қолөнершілер қалашығы ашылған.

Зұлпыхар Жолдасов, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары:
- Жеті елден, түркі елдерінен 17 қолөнерші келіп жатыр, танымал қолөнершілер. Тоқыма жасайтындар, теріден жасайтындар, мынау құмыралар жасайтындар, одан да басқа мынау темірден, ағаштан жасайтын ұсталар келіп жатыр. Оның үстіне мынау ең танымал өзіміздің еліміздің 33 қолөнершілер келіп отыр. Жалпы Түркістанымызда атақты қолөнершілер бар, атақты ЮНЕСКО-ға қатысып жүрген қолөнершілер бар, осы жерде жүйелі түрде жұмыс істейді.

Түркістан ежелден бері Ұлы Жібек жолының маңызды торабы саналады. Кезінде көне Йасы базарларында тек тауар емес, түрлі мәдениет пен өркениеттің құндылықтары тоғысты. Бүгін сол қасиетті мекенде түркі жұрты тағы бас қосты. Тамыры ортақ мемлекеттер қазір халықаралық аренада ықпалды күшке айналып келеді. Ұйымға мүше елдерде 175 миллионнан астам халық өмір сүреді. Бұл – жаһандық экономика мен сауда үдерістерінде салмағы бар үлкен кеңістік.

Жанар Темірбекова, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры:
- Түркі мемлекеттер ұйымының ішіндегі мемлекеттердің екі жақты ынтымақтастық та өте маңызды. Мына қарап отырғаныңыздай, біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ол екіжақты ынтымақтастыққа да көп назар аударып отыр. Қазіргі таңда мысалы, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен, Түркиямен, Түрікменстанмен қандай үлкен-үлкен маңызды кездесулер өтті. Осы кездесулер барысында тек қана кездесіп қана қоймай, қазіргі көп мүмкіндіктерді пайдалана отырып, еліміздің экономикасын күшейтуге бағытталған көптеген жақсы инициативаларды көріп отырмыз. Солардың өзі нәтиже бере бастады.

Түркістан төріне жиналған бауырлас елдер бұл жолы цифрлық даму жайын талқылады. Саммиттің тақырыбы да «Жасанды интеллект және цифрлық даму» деп таңдалған. Былтыр Габалада өткен басқосуда Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйым аясында Киберқауіпсіздік кеңесін құруды ұсынған болатын. Түркі мемлекеттері аумағында тұрақтылықты нығайтуға бағытталған бастамалар да бүгін киелі шаһар төрінде көтерілді.

Авторлары: Риат Шони, Еділ Ермекбаев және Ділмұрат Сейдаханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz