Ақтауда алғаш рет «Кітап керуені» атты республикалық көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр.
Қалың оқырман қазақ ақын-жазушыларының жаңа шығармаларымен танысып, авторлармен еркін форматта пікір алысты. Сондай-ақ заманауи дизайнда қайта басылып шыққан классик туындыларды қолжетімді бағамен сатып ала алады.
«Кітап керуені» - еліміздің белді баспаларын бір алаңға тоғыстырған маңызды шара. Көпшілік әртүрлі жанрдағы жаңа кітаптармен танысып, Роза Мұқанова, Оңайгүл Тұржан, Бақытгүл Сармекова, Ұларбек Нұрғалым секілді ақын-жазушылармен кездестім. Қаламгерлер қазақ жазба әдебиетінің қалыптасу кезеңі мен келешегі туралы ой қозғап, кітапханаға оқырман тарту мәселесін ортаға салды.
Роза Мұқанова, жазушы-драматург, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Жазушылар мен оқырмандарды кездестіру ерекше сәт болып тұр. Өйткені Мемлекет басшысының саясаты - «кітап оқу керек», «кітаппен ғана өсіп-өркендейміз, «санамызды өзгерте аламыз. Кітап оқымаған адам ойлай алмайды, өзгені артына ерте алмайды, ақыл айта да айта алмайды. Баласын тәрбиелей алмайды. Біз бүгінгі айтып отырған тақырымыз осы маңайда болып отыр.
Кітап жәрмеңкесінде қалың оқырманға арналған заманауи гаджеттер де таныстырылды. Мәселен, мынадай дыбыс ойнатқыш құрал мектеп жасындағы балалар мен жастарға арналған. «Қиссагер» деп аталатын аудиокітап қазақтың ырым-тыйымдарын, тәрбиелік бағытта айтылған мақал-мәтелдерін, тағылымды сөздерін дәріптейді.
Мәулет Дүмбаев, «Отбасы хрестоматиясы» баспасының қызметкері:
- Мұның ішінде 96 диск бар. Әр дискіде бесік жыры, санамақ, жұмбақ, аңыз-қиссалары, сонымен қатар батырлар жыры жинақталған. Патефон үстіне қоямыз, қосып аудио түрінде тыңдауға болады. Көпшілік жағдайда бесікте жатқан сәбилерге, тілі енді шығып келе жатқан балаларға тыңдатса, өте тамаша болады.
Анар Шамшадинова, «Қазақстан жазушылар одағы» РҚБ облыстық филиалының директоры:
- Қандай жаһандану заманы болсын, жасанды интеллект заманы болсын. Технология дами берсін. Менің ойымша, кітаптың орны ерекше. Адамзаттың ең асыл қазынасы жылдар бойы жинаған - бұл кітап деп едім. Яғни кітап оқыған адамның ағана ойы озық, танымы кең. Өзіне деген сенімділігі жоғары болады.
Қазір қала көшелерінде бортына «Кітап керуені - Ақтауда» деп жазылған екі қабатты автобус жүр. Қызыл түсті қоғамдық көлікпен еріктілер шаһарды шарлап, көпшілікті кітапханаға баруға үндейді. Бір айта кетерлігі, жас буынға кітаптар тегін таратылуда.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Ақтау #кітап керуені #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz