RU
Толық нұсқаға өту

Абай ұлттық мектебі қайта жаңғырды

16.05.2026, 19:50 41

Алматыда Абай ұлттық мектебінің жаңа кампусы ашылды.

Ресми шараға Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысты. Сапар барысында ол «Талдау мектебі. Алматы» жобасының қатысушыларымен де кездесу өткізді. Кезекті өңірлік жоба «Data-Driven City: мегаполистің орнықты дамуы» тақырыбына арналған. Кездесулер аясында Президент тапсырмаларын іске асыру кезіндегі бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары талқыланды. Сондай-ақ палатаның сарапшылар қауымдастығымен өзара іс-қимыл форматы сөз етілді.

Талдау мектебінің басты мақсаты – жас мамандардың әлеуетін арттырып, сарапшылардың жаңа буынын даярлау. Мәулен Әшімбаев кездесу барысында елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалар туралы айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысының елдің дамуы үшін терең талдау мен сапалы деректер қажет деген пікіріне тоқталды. Сегіз апталық бағдарлама аясында қатысушылар креативті экономика, урбанистика және экология бағыттары бойынша білім алады. Кездесуден кейін Парламент Сенатының Төрағасы Абай ұлттық мектебінің жаңа кампусының ашылуына қатысты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде білім сапасын арттыруға назар аударып, бұл жөнінде үнемі айтып келеді. Бұл Әділетті Қазақстан қалыптастыру жолындағы ең маңызды бағыттардың бірі. Мемлекет басшысы атап өткендей, жаһандану дәуірінде озық білімді игерген елдің болашағы жарқын болады. Сондықтан Президент тапсырмасымен соңғы жылдарда бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылуда. Бүгін ресми түрде ашылып жатқан Абай ұлттық мектебінің жаңа деңгейге көтерілуі де сол кешенді жұмыстың нәтижесі. 

Абай ұлттық мектебі 1957 жылы ашылып, жұмысын бастаған болатын. Бастапқыда тау бөктерінен бой көтереді. Уақыт өте түрлі себептермен мектеп аумағы кішірейіп, тарихи кеңістігі бөлшектенеді. Бұған қарамастан мектеп елдің зияткерлік интеллигенциясын тәрбиелеуді тоқтатпайды. Қазір мектеп араға 69 жыл салып, бастапқы аумағына қайта оралды. 

Орынша Қарабалина, ҚР Еңбек сіңірген ұстазы:

- Бұл мектептің тарихы бір мың тоғыз жүз елу жетінші жылдан басталмақ. Басында біз республикалық екінші мектеп-интернат деп аталдық. Көп кешікпей бұл мектептің даңқы республиканы шарлап кетті. Мектебіміздің атағын шығарған біздің түлектеріміз.  

Білім ошағының ерекшелігі еліміздің түпкір-түпкірінен талантты балаларды іріктеп алуында. Дарынды балалар гуманитарлық бағытпен қатар жаратылыстану ғылымдары мен дипломатияны меңгереді. Қазір мектепте 351 оқушы білім алуда. 

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Мынау үлкен территорияда 900 балаға арналған ғимарат. Сонымен бірге осы балалардың жалпы интернаты соғылып жатыр. Бұдан бөлек үшінші, төртінші кезекте жүзу бассейні, сонымен қатар STEM-лабораториясы үлкен соғылатын болады.  

Жаңа кампустың ашылу рәсіміне сенаторлар, ардагер ұстаздар мен ғалымдар қатысты. Қонақтар оқушылар жасаған жобалар көрмесін тамашалады. Мектептегі Абай музейін де аралап көрді. Сондай-ақ алдағы уақытта пайдалануға берілетін 350 орындық жатақхана құрылысымен танысты. 

Ернұр Рысбай, Валентин Лобанов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz