Солтүстік Қазақстан облысында биыл алты жарым мыңға жуық бала жазғы демалыспен қамтылады.
Оның әрбір үшіншісі әлеуметтік жағынан осал топқа жатады. Олардың жолдамасына бюджеттен бөлек қаржы бөлінеді. Өңірдегі лагерьлер қазір маусымға дайындықпен қатар міндетті мемлекеттік лицензия алу үшін жұмыстанып жатыр.
Бұл – Аққайың ауданындағы «Оқжетпес» мемлекеттік лагері. Биыл демалыс орны 500 баланы қабылдайды. Қазір мұнда маусым алдындағы дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Оған жергілікті бюджеттен 20 млн. теңге бөлінді.
Андрей Кормин, «Оқжетпес» мемлекеттік жазғы лагері директорының міндетін атқарушы:
- Қазір лагерьде жаңа бассейн, сахна және қоршау салынып жатыр. Сонымен қатар бейнебақылау жүйесі орнатып, күзет қызметімен келісім-шартқа тұрдық. Бұл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, лицензия алуға мүмкіндік береді.
Елімізде жазғы демалыс қызметіне қатысты талаптар күшейтілді. Енді лагерьлер міндетті мемлекеттік лицензия алуы тиіс. Солтүстік Қазақстан облысында осындай 10 нысан бар. Қазір мамандар тиісті құжаттарды дайындап жатыр.
Әсел Оразбаева, Білім басқармасының баспасөз хатшысы:
- Санитарлық-эпидемиологиялық қорытындылар алынғаннан кейін лицензиялау үрдісін бастайды. Сонымен қатар балалар лагерьлерінде инфроқұрылымды жаңарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның үстіне балалардың қауіпсіздігіне көңіл бөлінеді.
Биыл облыс бойынша әлеуметтік жағынан осал топқа жататын 2 мың 200 оқушы мемлекет есебінен тегін демалады. Сонымен қатар ауыл балаларына «Бір күн қалада» атты саяхат ұйымдастырылады.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков
Тегтер #СҚО #жазғы демалыс #бала #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz