Биыл Жетісу облысында табиғи ландшафты сақталған үш саябақ салынады.
Туризм саласын дамытуға бағытталған жобалар Мемлекет басшысының экопарктер құру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылады. Жаңа демалыс орындарының бірі Сарқан ауданы аумағында орналасқан. Бұл жерде 2022 жылдан бері 6 гектар аумақ абаттандырылып, келушілерге қолайлы инфрақұрылым жасалған. Қазіргі таңда экопарктің көлемін екі есе ұлғайту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
«Қойтас» саябағы төрт жыл бұрын Сарқан өзенінің жағалауындағы шөп басып жатқан аумақ еді. Аспалы көпір, амфитеатр мен спорттық алаңдар салынып, серуендеуге арналған жол төселгеннен кейін кісі қарасы үзілмейтін орынға айналды.
Гүлнәр Батырханова, Сарқан қаласының тұрғыны:
- Қар кетпейтін таудың етегінде, таза ауасында, судың сыбдырында барлық мезгілінде халық осы жерді тамашалап жақсы демалып жатыр. Өзіміз де анамызбен, отбасымызбен келіп демалып отырмыз. Өте тамаша жоба. Ары қарай жалғасады деп жатыр. Көркейеді, жері кеңейеді деп жатыр. Қуанып жатырмыз.
Талдықорған маңындағы «Тасбақа» тауы да экопаркке айналады. Аумақта көне тарихымыздан сыр шертетін петроглифтер кешені бар. Тарихи және табиғи ескерткішті көруге қазірдің өзінде туристер көптеп келеді.
Шоң Ду, ҚХР азаматы:
- Біз Қытай Халық Республикасынан келдік. Бұл – біздің осы мемлекетке жасаған алғашқы сапарымыз. Қазақстан маған өте қатты ұнады. Халқы қонақжай және табиғаты әдемі екен.
Мемлекет қорғауына алынған аймаққа тізе бүгіп, тынығатын орындар мен шолу алаңы және қоқыс салатын жәшіктерді орнату үшін жергілікті бюджеттен 50 млн теңге бөлінген. Қазір қалалық әкімдік тарапынан мердігерді анықтайтын конкурстық рәсімдер өткізіліп жатыр.
Алмас Барлыбеков, қалалық ТКШ бөлімінің басшысы:
- Маусым айында қорытындысын шығарып, жұмыстар бастау жоспарланып отыр. Сонымен қатар өзіміздің Талдықорған қаласының кәсіпкерлік және туризм бөлімімен «Тасбақа» экосаябағын дамыту жоспары әзірленіп отыр. Яғни 2029 жылға дейін әр жылдар бойы саябақта бекітілген жоспарға сай жұмыстар атқарылатын болады.
Шыңғыс Қалиден, тілші:
- Сарқандағы «Қойтас», Талдықорғандағы «Тасбақа» тауымен қатар енді Текелі қаласында «Шеркесай» экопаркі құрылады. Өңірдегі осы үш саябақтың құрылысына жергілікті бюджеттен 180 млн теңге бөлініп отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдрешов
Тегтер #Жетісу облысы #саябақ #құрылыс #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz