RU
Толық нұсқаға өту

Оралда жас құтқарушылар жарысы өтті

17.05.2026, 13:48 94

Жарысқа жүзден астам мектеп оқушысы қатысып, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетті. Жанған отты өшіріп, суға кеткен адамды құтқарудан сынға түсті. 

Бүгінде шаһардың екі мектебінде «Жас құтқарушы» сыныбы бар болса, жыл соңына дейін тағы 4 сынып ашылмақ. 

Темірлан Бегәлиев жас құтқарушылар сайысына биыл үшінші рет қатысып отыр. Осы уақыт ішінде 10-сынып оқушысы сын сағатта сауатты қимылдауға машықтанды, командада жұмыс істеуді, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйренді. Мектеп бітіргесін ол Көкшетау қаласындағы азаматтық қорғаныс академиясына оқуға түспекші. Қазір құтқарушылар үйірмесінің белсенді шәкірті.

Темірлан Бегәлиев, жас құтқарушы:

- Бұл үйірмеде физикалық түрде және психологиялық түрде адам дамиды. Себебі бұл жерде неше түрлі физикалық жұмыстар бар. Күш керек болады және де жеңіс те болады, жеңіліс те болады. Сонымен қатар патриот адамның еліне деген, өзіне сүйіспеншілігі және халықты ойлайтын адам болып дамиды.

Жас құтқарушылар жарысы жеті кезеңнен құралған. Іздеу-құтқару жұмыстары, кедергілерден өту, жанған оттың ортасынан адамды құтқару, суға батқан адамды алып шығу, өртті өшіру сынақтары шынайы жағдайға барынша жақындатылған. Биылғы сайысқа қала мектептерінен 16 команда қатысты. 

Асланбек Хайруллин, Орал қаласы ТЖ басқармасының бас маманы:

- Бұл жарыстың мәні – біздің қала мектептерінің, оқушылардың арасында құтқарушылардың мәдениетін арттыру, қалыптастыру. Қаламызда 53 мектеп бар. 53 мектептің ішінде жас құтқарушы үйірмелері ұйымдастырылған.  Қала аумағында бүгінгі таңда екі мектепте арнайы жас құтқару сыныбы ашылған болатын. Алдағы уақытта төрт мектепте жас құтқарушы сыныбын ашу жоспарланып отыр. 

Жарыс қорытындысында №40 мектептің жас құтқарушылары өз дайындықтарының жоғары деңгейде екенін дәлелдеді. Жеңімпаз команда облыстық жарысқа жолдама алды. 

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz