Павлодар облысында ветеринариялық қауіпсіздікті арттыруда ауқымды жұмыс басталды. Өңірде күзге дейін 88 ветеринариялық нысанды пайдалануға беру жоспарланған.
Биыл мамандар төрт түлікке қатысты миллионнан астам диагностикалық зерттеу жүргізбек. Бұл шаралар қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алуға және өңірдегі эпизоотиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстауға бағытталған.
Байқоныс ауылында мал өріске кеш шықты. Себебі ветеринарлар жұқпалы ауруларға қарсы егу жұмыстарын жүргізді. Бұл - көктем мен күзде өтетін жоспарлы науқан.
Рымкеш Икешова, Байқоныс ауылының тұрғыны:
- Малдың сүтін, өнімін аламыз. Сол өнімнің сапасы дұрыс болу үшін бізге мал дәрігерлік қызмет өте қажет. Мал дәрігерлеріміз жұмыстарын өте жақсы істейді. Енді бір мәселе, олардың жүретін көліктері кішкене нашарлау болып тұр. Сол жағын үкімет естіп көмек көрсетсе, қаржы бөлінсе жақсы болушы еді.
Көлік мәселесі - жергілікті атқарушы билік назарында. Қазір өңірде бұл салаға 172 техника қажет. Мәселені шешудің бір жолы - лизинг тетігін енгізу. Ал инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары басталып кеткен.
Облыс орталығынан жүз шақырым қашықтықта орналасқан Тереңкөл ауданында үш ветеринарлық пунктпен бір бекеттің құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі таңда нысандардың іргетасы қаланған, ішкі әрлеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар мал қамайтын арнайы қоралар салынуда. Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін мамандар заманауи жағдайда мал ауруларының алдын алу, диагностика жасау және зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алады.
Тереңкөл ауданы бойынша 12 ветеринарлық пункт жұмыс істеп тұр. Бірақ соның тек үшеуінің жеке ғимараты бар.
Төлеген Анапиянов, Тереңкөл ауданы Ветеринария бөлімінің басшысы:
- Ауданымызда 25 мыңдай ірі-қара, 50 мыңнан астам ұсақ мал бар. Ветеринарлық қызметке қолдау керек. Қазір бізде құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Мердігерлер ғимараттардың қабырғасын қалап, енді төбесін жабуға кірісті.
Жыл соңына дейін облыс бойынша 88 ветеринарлық нысан іске қосылады. Олардың ішінде станция, пункт және мал қорымы бар. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларына миллионнан астам диагностикалық зерттеу жүргізіліп, 6 млн-дай ветеринариялық-профилактикалық шаралар атқарылады.
Асылтас Тілеубаев, Ветеринария басқармасының басшысы:
- Бүгінгі таңда 13 ауруға қарсы 2 миллион вакцина қолымызда бар, барлық вакциналармен қажеттілік қамтамасыз етілген. Облыс бойынша ірі қара мал 500 мыңнан асады, ұсақ мал 630 мыңдай. Жылқы 378 мың, шошқа 70 мың және де бізде 150 түйе бар. Павлодар облысы аумағындағы барлық жануарлар, үй жануарларына міндетті түрде егу жұмыстары жасалынады.
Өңірде эпизоотиялық жағдай тұрақты. Ветеринар мамандардың айтуынша, ауыл шаруашылығы жануарлары арасында қауіпті аурулар тіркелмеген.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Павлодар #ветеринарияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz