RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Павлодар облысында 64 тұрғын интернет-алаяқтарға алданды

18.05.2026, 12:46 142

Павлодар облысында өткен бір аптада 64 тұрғын интернет-алаяқтарға алданып қалды. Оның ішінде 34 азамат аса ірі көлемде ақшасынан айырылған, деп хабарлайды «24KZ».

Қазіргі уақытта ең кең таралған алаяқтық тәсілдерінің бірі — мессенджерлер арқылы жасалатын қоңыраулар. 

«Қылмыскерлер танымал брендтердің логотиптері мен суреттерін пайдаланып, өздерін энергиямен жабдықтау және домофон компанияларының қызметкерлері, ұялы байланыс операторлары мен жеткізу қызметтерінің өкілдері, екінші деңгейлі банктер мен Ұлттық Банктің мамандары және өзге де мемлекеттік органдардың қызметкерлері ретінде таныстырады», - деді Павлодар облысы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ризабек Жанат.

Алаяқтардың әрекет ету тәсілі көбіне бірдей. Олар есептегішті тексеру, SIM-карта келісімшартын ұзарту немесе жеткізуді растау сылтауымен азаматтардан SMS арқылы келген кодты айтуды сұрайды. Код қолға түскеннен кейін жәбірленушіге түрлі нөмірлерден қайта-қайта хабарласып, оның банк шоттарына шабуыл жасалғанын айтып, ақшаны шұғыл түрде «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді. 

Полицейлер азаматтарды сақ болуға шақырып, қауіпсіздіктің негізгі ережелерін еске салды: 

Ешқашан бөгде адамдарға SMS-кодтарды, құпиясөздерді және банк картасының толық деректерін айтпаңыз; 
Дүрбелеңге бой алдырмай, қорқыту мен қысымға сенбеңіз, әңгімені бірден тоқтатыңыз; 
«Қауіпсіз» немесе «резервтік» шоттарға ақша аудармаңыз; 
Бейтаныс адамдардың кеңесімен мүлік сатпаңыз және несие рәсімдемеңіз. 

Полиция қызметкерлері балалар мен жасөспірімдерге ерекше назар аударуға шақырады. Соңғы уақытта алаяқтық схемаларды ұйымдастырушылар кәмелетке толмағандар мен студенттерді қылмыстық әрекеттерге жиі тартуда. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz