RU
Толық нұсқаға өту

Оралда көне қарулар таныстырылды

18.05.2026, 23:23 76

Халықаралық мұражай күніне орай Оралда көне қарулар таныстырылды. «Атадан қалған ақ сауыт» атты көрмеге келгендер сонау сармат дәуірінен бергі тарихтан сыр шертетін ежелгі қару-жарақты тамашалады. 

Сонымен қатар кіреуке сауытты тоқу шеберлік сағаты өтті. 200 мыңнан артық жәдігер жинақтаған облыстық өлкетану мұражайының қорында көне дәуірден қалған қару-жарақтар аз емес. Мысалы, мына ақинақ пен қанжар сақ-сармат кезеңінен жеткен. Ал қорамсақпен бірге табылған мына жебелер одан да әрі дәуірге тиесілі. Алтын Орда хандығынан қалған қылыштар да Жайық бойын жайлаған жұрттың қилы тағдырынан хабар береді. 

Жантас Сафуллин, Тарихи-өлкетану музейінің директоры:

- Қорымызда бес сауыт бар. Бұл сауыттар алғаш рет барлығы біріктіріліп, осы бүгін көрмеге шығып тұр. Соның төртеуі кімдікі екенін біз анық білмейміз. Десе де біреуін ол Құрманғазынікі болуы мүмкін деген айтылады немесе Байқасқа деген батырдікі болуы мүмкін деп айтылады. Біз осыларды әлде де зерттеуіміз керекпіз. Біздің мақсатымыз – осы қару-жараққа деген халықтың жалпы көңілінің қызығушылығын ояту және осы қару-жарақ арқылы келесі біздің ұрпағымызды батырлық бағытта тәрбиелеу. 

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- «Күлдір де күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз. Күдеріден бау тағып, кіреуке киер ме екенбіз. Жағасы алтын жеңі жез, шығыршығы торғай көз, ақ сауыт киер ме екенбіз», - деп Ақтамберді жырау жырлаған ақсауыт міне, осы. Жаугершілік заманда батыр бабаларымыз үстінен тастамаған қорғаныс құралын бүгінде мұражайлардан ғана көретініміз рас. Алайда ел ішінде кіреуке тоқитын шеберлер әлі де бар. 

Жәнібек Әбілпейісов – Атамекен ауылының тұрғыны. Туған жердің әр тасынан тарих таңбасын танитын, өлкетанушы маман. Алақандай ауылдан мұражай ашып, өрімдей өрендердің бойына отансүйгіштік сезімді терең сіңіріп келеді. Арнайы үйірмеде балаларға бес қаруды таныстырып, кіреуке тоқуды үйретеді. 

Жәнібек Әбілпейісов, өлкетанушы:

- Бұрынғы ұсталарымыз сауытты тоқығанда оны әрбір шығыршығын жалғаған жерін бекітіп, оны ашылмайтын қылып жасаған ғой. Енді қазіргі заманда ондай қылып жасау үшін арнайы ұстахана керек. Біз сымды орап, сосын оны қиып, дайындап алғаннан кейін осыны төрт те бір қылып балаларға тоқытып үйреттік. Сауыт дегеннің өзі – рух, ол жай ғана темір киім емес. Бұл манағы елімізді, жерімізді қорғаған кезіндегі бабалардың бойының киесі дарыған. 

Бір кіреуке сауытты тоқуға 20 мыңдай сақина жұмсалады. Әр шығыршықты қию мен оны тоқу көздің майын тауысып, төзімді сарқитын тынымсыз еңбек екені даусыз. «Осы өнерге балаларды баулу арқылы патриоттық сезімге тәрбиелеймін», - дейді шебер. 

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz