Түркістан қолдан жаңбыр жаудырды. Бұл технология біздің ел ғана емес, Орталық Азия мемлекеттері арасында алғаш іске қосылды.
Қолдан жаңбыр жауғызу жазда егістікке су жетпеген кезде таптырмас амал. Келіп тұрған бұлттың жаумай кететіні немесе өзге аумақты көлдетіп жататыны бар. Жаңа технология осы жағдайды реттеуге сеп. Жобаны Түркістан облысы БАӘ Ұлттық метеорология орталығымен бірлесіп,. халықаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырып отыр.
Ауа райын модификациялау және жауын-шашынды жасанды түрде көбейту технологиясы дамыған елдерде соңғы 50 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Қазақстан өңірде жасанды жаңбыр технологиясын тәжірибелік тұрғыда қолдануға көшкен алғашқы ел. Жобаны салтанатты іске қосу рәсімінде еліміздің вице-премьері - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бұл технология Қазақстанның су қауіпсіздігі мәселелерін жаһандық деңгейде шешуге бейімділігін көрсететінін атап өтті.
Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:
- Бүгінде су қауіпсіздігі, климаттық тұрақтылық тек экологиялық мәселелер емес, ұлттық қауіпсіздіктің, экономикалық тұрақтылықтың және ұзақ мерзімді өсудің негізгі факторына айналуда. Орталық Азия қазірдің өзінде күрделі климаттық сын-қатерлерге тап болып отыр. Сондықтан еліміз климаттық технологияларды стартегиялық басымдықның бірі ретінде қарастырады. Бұл жобаның халықаралық сарапшылармен және метеорология саласындағы жетекші жаһандық ұйымдармен бірлесіп жүзеге асыруы ерекше маңызға ие.
Мамандар бұл жоба жауын-шашын көлемін 10-20 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік беретінін айтады. Сондықтан Түркістан облысы кездейсоқ таңдалып отырған жоқ. Еліміздегі суармалы жердің 4/1 бөлігі осы өңірге тиесілі. Яғни бұл әдіс облыстағы 911 мың гектар егістік жердегі құрғақшылық пен су тапшылығының салдарын азайту мақсатында қолданылады.
Абдулла Ахмед Әл-Мандус, БҰҰ дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының президенті, баә ұлттық метеорология орталығының бас директоры:
- Мұндай технологиялар Қытай, АҚШ, БАӘ, Франция және Сауд Арабиясында белсенді түрде қолданылады. Біз осы саладағы өзіміздің көпжылдық тәжірибемізді сіздермен бөлісуге келдік. Жасанды жаңбыр жауғызу арқылы біз алқаптарды сумен қамтамасыз етіп, жайылымдардың өнімділігін арттырамыз. Жоба құрғақшылықтан келетін шығынды азайтып, өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жоба ең алдымен ағынсу тапшы егіс алқаптарына қолданылады. Жұмыс метеорологиялық және профильдік мемлекеттік органдардың қатысуымен ауа райы жағдайын, экологиялық ахуалды және суға қажеттілікті ескере отырып жүргізіледі.
«Жасанды жаңбыр радиусы 5 шақырымнан аспайды. Сондықтан сел болу қауіпі жоқ»,- дейді мамандар. Жаңбыр жаудыру үшін халықаралық тәжірибеде қолданылатын тұз негізіндегі реагенттер пайдаланылады.
Әлия Оспанова, «Цифрлық үкіметті қолдау орталығы» бас директоры:
- Арнайы ұшақ бұлттарға жақындайды да бұлттың ішінде арнайы шеңбер жасайды. Сол шеңбердің ішіне ғана осы тұз себіледі. Тұздың инновациялық әдісі соншалықты ол бұлтты 10 шақырым биіктікке дейін үйкейтіп, 20 пайызға дейін су береді. Сондай-ақ тасқынға себеп болатын әлемде бірде-бір фактісі жоқ. Біз бұны қажетті жерге ғана себеміз.
Бүгінгі ұсынылып отырған жасанды жаңбыр жауғызу технологиясы – болашаққа бағытталған бірегей жоба. Қазірдің өзінде нақты істер атқарылуда. Шаһарға 4 тонна инновациялық реагент жеткізілді. Арнайы әуе кемесі алғашқы техникалық ұшу сапарын сәтті орындады.
Альжабери Ахмед, бас ұшқыш:
- Біз алдымен белгіленген бағыт бойынша ұшып, бұлттардың құрамы жайында операторларға ақпарат береміз. Олар оны зерттеп, зерделейді. Себебі жобаның жүзеге асуы тікелей ауа райы мен бұлтқа байланысты. Бұлттың түрлері көп. Оның барлығы бірдей жаңбыр жауғыза бермейді. Нақты белгілі болған кезде көкке көтеріліп, тиісті жұмысты атқарамыз.
БАӘ Ұлттық метеорология орталығының мамандары Түркістан облысында тек жаңбыр жауғызып қана қоймайды. Олар 2 ай бойы жергілікті мамандарды оқытып, осы іске машықтандырады. «Біз үшін бұл - цифрлық технологияларға негізделген заманауи климаттық инфрақұрылымды қалыптастырудың бастауы»,-дейді мамандар. Айта кетейік, жоба еліміздегі оннан аса министрліктің қатысуымен жүзеге асырылып жатыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Түркістан #жасанды жаңбыр #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz