Маңғыстау облысында тұратын 3 жасар Айсұлтан туғаннан зағип. Оның өмірге деген талпынысы мен тағдыры әлеуметтік желі қолданушыларын бейжай қалдырмады, деп хабарлайды «24KZ».
Бүлдіршіннің күнделікті өмірі мен жетістіктерін анасы әлеуметтік желіде тұрақты түрде бөлісіп отырады.
Айсұлтанның анасының айтуынша, баласы 34 аптасында шала туған. Салмағы 2500 грамм, бойы 48 сантиметр болған сәби өмірге келген сәттен бастап үлкен күресті бастан өткерген.
«21 күн болғанда дәрігерлер балаңыздың көзі көрмейді, қайта тексерілуге келіңіз, деген», – дейді анасы.
Айсұлтанның парақшасынан ата-анасының оның болашақта өздігінен жүріп-тұруына бейімделуі үшін кішкентайынан өмірге икемдеп жатқанын көруге болады. Анасы оған арнайы таяқ ұстатып, айналаны сезінуді, баспалдақпен түсуді және өз бетінше жүруді үйретіп жүр.
Желіде кең тараған видеолардың бірінде Айсұлтан баспалдақпен түсіп келе жатып анасына:
Мені далаға тастап кетпейсің ғой? — дейді.
Сәбидің осы бір сөзі көпшіліктің жүрегін елжіретіп, желі қолданушыларының ерекше ықыласына бөленді. Тіпті шетел азаматтары да бейжай қалмай, Айсұлтан мен анасына жылы лебіздерін жолдаған.
Оңтүстік Кореядан жазылған пікірлердің бірінде:
«Сіздің оқиғаңыз жүрегіме қатты әсер етті. Көзілдірік тағып, кішкентай аяқтарымен жүріп келе жатқан балақайға қарап отырып жылап отырмын. Егер рұқсат етсеңіз, мен оның шетелдегі тәтесі болғым келеді. Кейде сыйлықтар жіберіп тұрсам бола ма?» – деп жазған желі қолданушысы.
Қазақстандықтар да кішкентай Айсұлтанға ақ тілектерін жаудырып, оның болашағына сенім білдіруде.
Тегтер #Маңғыстау #зағип #бүлдіршін #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz