RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейс ашылады

19.05.2026, 16:09 58

Бұрын ұзақ сапармен жететін Америка енді елден тікелей ұшатын бағытқа айналады.

Қазақстаннан мұхиттың арғы бетіндегі алпауыт  елге  тікелей рейс ашылмақ. Бұл бастама алдағы 2 жылдың шаруасы болғалы тұр. Сондай-ақ Жапонияға да сапарлаудың сәті түседі. Токиоға әуе бағыты осы жылдың төртінші тоқсанында іске қосылады. Бүгін үкімет отырысында көлік министрі осындай мәлімдеме жасады.  Нұрлан Сауранбаевтың сөзінше, елдің авиация саласында маңызды жаңалық көп. Бірақ, шешімін табуы тиіс түйткіл де аз емес. Салада толғандырған сан мәселе министрлер кабинетінде талқыланды.

Кәмшат Мұхамеджан, тілші:

- Қазақстаннан Америкаға тікелей ұшу мәселесі соңғы жылдары жиі көтеріліп жүр. Әсіресе студенттер, кәсіпкерлер мен туристер үшін бұл бағыттың маңызы зор екені белгілі. Алайда бүгінде мұхиттың арғы бетіндегі алпауыт ел  мен біздің елдің  арасында тікелей әуе рейстері жоқ. АҚШ-қа жету үшін жолаушылар міндетті түрде транзиттік бағыттарды пайдаланады. Көптің көкейіндегі бұл келеңсіздік келер жылы нақты шешіледы. 2027 жылдың екінші тоқсанында тікелей әуе рейсі ашылады. Жаңа ғана баяндама жасаған Нұрлан Сауранбаев осылай деді. Ақпарынша, қазірдің өзінде бұл бағытта шаруа ширақ көрінеді. Бұдан бөлек биыл Қазақстандық авиакомпаниялардың жолаушылар ағыны төрт айда 4 млн адамнан асқан. Бүгінгі таңда Қазақстан әуежайларының авиациялық қауіпсіздік деңгейі – 95,7%, ал авиакомпаниялардың қауіпсіздік деңгейі – 82%. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қатон-Қарағай, Зайсан және Кендірлі қалаларында әуежайлар салынуда, сондай-ақ Арқалық әуе айлағы қалпына келтірілуде.

Нұрлан Сауранбаев, ҚР Көлік министрі:

- Транзиттік ұшулар тұрақты өсуде.Соңғы 5 жылда бұл көрсеткіш 4 есеге артты. Бүгінгі таңда транзит аэронавигациялық қызмет көрсетуден түсетін кірістің негізгі бөлігін құрайды.

2025 жылы әуе қозғалысын басқару жүйесін жаңғырту үшін америкалық жетекші LEIDOS корпорациясымен келісімшарт жасалды. Алдағы 5 жылда аэронавигацияның инфрақұрылымын түгелдей жаңартамыз. Бұл қазақстандық әуе коридорлардың тиімділігін арттырады. 

Еліміздің әуе кемелерінің паркі осы жылы 9 ұшақпен толықтырылады. Тағы бір қуантарлық жәйт отандық және шетелдік авиакомпаниялар Қазақстанның халықаралық бағыттарын көбейтуге құлықты. Биыл бірнеше жаңа халықаралық бағыттарды ашу жалғасады. Қазірдің өзінде 4 жаңа рейс жұмысын бастады. Бұл қатарда Алматы–Шанхай, Астана–Ереван, Атырау–Ташкент бағыттары бар. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер министрі:

- Көлік министрлігі қажетті инфрақұрылымды, сервис пен техниканы үнемі жаңартып отыруы тиіс. Нарық пен технологияға үнемі талдау жасау керек. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының стратегиялық жоспарына сәйкес, 2050 жылдарына қарай жолаушылар саны жылына 12 млрд-тан асады. Мұндай жағдайда біз әлемдік авиацияның жаһандық жүйесіне ене отырып, өз орнымызды иеленуіміз керек. 

Жаңғырту жұмыстарынан бөлек, биылдан бастап салада цифрландыру мәселесі белсенді қолға алынған. Әуе жүктерін өңдеу үшін ел  әуежайларында ЖИ енгізіледі. БҰл өз кезегінде ұшу-қону кезіндегі процестерді кедергісіз атқаруға, коммерциялық құжаттарды өңдеу кезінде деректерді енгізуді жылдамдатуға мүмкіндік береді. Шамамен жарты сағатқа  дейін  уақыт қысқартады. Үкімет отырысында саланы автоматтандыру жағдайы да айтылды. Қазіргі таңда бірыңғай платформаға Қазақстанның 17 әуежайы мен 56 авиатасымалдаушысы қосылған.

Кәмшат Мұхамеджан, Ақылбек Есімсейт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz