Испания астротуризмді дамыта бастады. Бұған бір себеп, биыл 12 тамызда күн тұтылады. Дәл осы сәтті адамдар Испания жерінен толық көре алады.
Ал бұл көріністі тамашалауға жер жүзінде бірнеше ай бойы алдын ала дайындалатын адамдар бар. Бұл жақтағы қонақ үйлерде қазірдің өзінде бос орын қалмаған. Күннің толық тұтылуы ілуде бір болатын құбылыс. Сондықтан бұл күнді астротуристер қалт жібермейді. Ал әсерлі астрономиялық құбылыс биыл Испанияның шалғай елді мекендерінен жақсы көрінеді. Сондықтан бұл ел биыл тартымды бағытқа айналғалы тұр. Мадрид билігі қонақтардың талғамынан шығу үшін әзірлігін қазірден бастап кетті.
Сара Рос, қонақ үй иесі:
- Тамызға бөлме жалдағандар өте көп. Көбі - Франция азаматтары. Олар мұнда күннің толық тұтылуына бір апта қалғанда келеміз дейді. Провинцияларды аралап, мәдениетімізді танып-көргісі келеді. Табысымызды еселеп қалатын болдық.
Испания халқы үшін бұл – тарихи сәт. Өйткені бұл елде күннің толық тұтылуы соңғы рет өткен ғасырдың басында болған екен. Ғарыш әлеміндегі ерекше құбылыстың жалпы ұзақтығы бірнеше сағатқа созылады. Ал максималды фазасы бірер минутқа ғана жетеді. Зерттеушілердің айтуына қарағанда, сол күні көктен ондаған жұлдыздың аққанын қатар тамашалауға болады.
Алехандро Вера, астроном:
- Күннің толық тұтылуы Жер шарындағы бүкіл тіршілік иелеріне әсер етеді. Температура төмендейді. Жануарлар мазасызданады. Адамдарды әлсіздік басуы мүмкін. Алайда мұны әркім өмірінде бір рет болсын сезінуі керек деп ойлаймын.
Күннің толық тұтылуына дейін екі айдан аса уақыт болса да, қонақ үйлерде бос орын жоқ. Алайда әсерлі астрономиялық оқиғаның куәсі болу үшін астротуристер шатыр тігіп, далада түнеуге дайынбыз дейді.
Кристофер Сирс, астротурист:
- Осыған дейін күннің жартылай тұтылуын ғана көргенмін. Сол кезде күн бұлттанып, айнала сұрланып кеткендей болды. Бұл жолы мүлде басқа эмоция болатын тәрізді.
Мадрид билігі күннің толық тұтылуын тамашалау үшін Испанияға 10 млн астротурист келеді. Ал Аркос-де-лас-Салинас қаласындағы обсерваторияда 30 мың адамға экскурсия жүргізіледі деп жоспарлап отыр. Зерттеушілер: «Ғарыш әлеміндегі ерекше кұбылысты Испаниядан бөлек, Исландия мен Гренландияда да толық көруге болады», - дейді.
Авторы: Зайнұр Байжігіт
Тегтер #Испания #күннің тұтылуы #табысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz