Маңғыстау облысында халықаралық вело-шеру өтіп жатыр. Дәстүрлі жарыс осымен төртінші рет ұйымдастырылды.
Биыл оған өңірлерден және ТМД аумағынан келген кәсіби және әуесқой велоспортшылар қатысып жатыр. Жаңаөзен қаласынан бастау алған вело-шеру өңірдің табиғи көрікті мекендерінің бірі Бозжыра шатқалында аяқталады.
«Tour de Bozjyra» – Маңғыстауда жыл сайын өтетін спорттық әрі туристік жоба. Велошеруге қатысушылар қатты жел мен жаңбырды елейтін емес. Таңсәріден Жаңаөзенге кіреберіс алаңнан табылды. Бозжыраға сапар алды дайындығын тексеріп, ұйымдастырушылардың нұсқауын тыңдады. Велоспортшылардың арасында тәжірибелі марафоншылар да бар.
Сұңқар Қарабалин, велошеруге қатысушы:
- Бірінші марафонымды 42 километрлік 50 жасымда өттім, қазір 57-демін. Содан міне, жеті жылдан бері тауға да шығамын, жүземін, велосипед тебемін, жүгіремін. Алматыдан біраз адам келді, кеше самолетте таныстық. Велосипедтерін шығарғанда түсіндік, велоспортшылар екенін.
Жоспарға сәйкес 120-дан астам велоспортшы 150 шақырым жол жүріп өтеді. Жолшыбай олар Тобықты жерінде киелі орындарға тоқтап, батыр бабалар рухына зиярат етуге ниетті. Сапар барысында қатысушыларға медициналық көмек көрсету, техникалық қолдау және арнайы аялдамалар ұйымдастырылады.
Раббым Борашев, кәсіби велоспортшы:
- Ең қызығы – киелі Бекет атаның жолымен өтеді. Соның өзі көп адамдарды тартады. Қазір осы жарыстың өзіне сонау Алматы, Атырау басқа қалалардан да көп адам келіп тұр. Бүкіл әлемге белгілі Бозжыраның іргесіне барып тоқтайды. Соған байланысты бұл тарихи үлкен жарыс, жүріс деуге болады.
Дәстүрлі шараға биыл аутизм дертіне шалдыққан балалар да қатысады. Демеушілер өзге өңірлерде тұратын жеткіншектердің жолақысын көтеріп қана қоймай, Маңғыстаудың көрікті орындарын тегін тамашалау мүмкіндігін ұсынды. Велоспортшылар Бозжыра шатқалына жеткен соң шатырлы демалыс орнында тынығып, мәдени-танымдық бағдарламаны тамашалайды.
Авторлары:Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев
Тегтер #Маңғыстау облысы #турист #велошеру #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz