RU
Толық нұсқаға өту

Елде жол сапасын мобильді зертханалар бақылайды

20.05.2026, 13:28 76

Елімізде автожолдардағы жөндеу жұмыстарына бақылау мобильді зертханалар арқылы күшейтіліп жатыр. 

Қазіргі уақытта республика бойынша жолдардың құрылыс және жөндеу жұмыстарына 16 осындай заманауи технологиямен жабдықталған көліктер жұмылдырылған. Олар тексеру жұмыстарын тікелей учаскелерде жүргізуге мүмкіндік береді. Мысалы, Қарағанды облысында осындай заманауи сандық технология көмегімен былтыр 1 мың шақырымнан астам жолға диагностика жасалды. Биыл да жалғасып жатыр. 

Кезекті тексеру барысында мобильді зертхана «Қарағанды-Теміртау» бағытындағы 13 шақырымдық учаскеге диагностика жасады. 2017 жылы жүргізілген күрделі жөндеуден соң автобанның нақ осы бөлігінде жарықтар пайда болған. Уақыт өткен сайын ақаулар көбейіп барады. Мобильді зертхана арнайы датчиктердің көмегімен бетон жабындысының тегістігін тексеріп, бетіндегі жарықтар мен ойықтарын сканерлеп, ақаулар жөніндегі ақпаратты мәліметтер базасына жинақтайды. 

Әмір Абутаев, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» облыстық филиалының инженері:

- Бұл жолда анықталған ақаулар-шұңқыр, жарықтар анықталды. Бұл – бізде 1В санаттағы жол. Өте қатты жылдамдықта жүретін. Осы толтырылған ақауларды Автомобиль жолдары комитетіне хаттама жазып жолдаймыз. 

Мобильді зертханалар ақауларды ерте анықтап, жол сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ автомобиль жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Былтыр заманауи техниканың көмегімен Қарағанды облысында  900 шақырым республикалық, 103 шақырым облыстық маңыздағы жолдарға тексеріс жүргізілген.

Тұрар Манас, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» облыстық филиалының бөлім басшысы:

- 2025 жылы республика бойынша 600-ге жуық сынама алынды. 600 сынаманың 6 пайызы ғана бізде нормативтік құжаттарға жауап берген жоқ. Ал Қарағанды облысының жергілікті жолдарын алатын болсақ, жергілікті жолдар бойынша былтыр 1600-ге жуық сынама алынды. Ең көбісі бізде Қарағанды қаласы 560-тан астам сынама алынды. Оның 86-сы нормативтік құжаттарға жауап берген жоқ. 

Алдағы уақытта мобильді зертханалар қала ішіндегі жолдарды тексеруге кеңінен қолданылады. Бұрын жолдардың сапасы көбіне қол еңбегімен тексерілсе, енді бұл көліктер жеделдікті арттырады. Мысалы, бұрын тексеріс қорытындысы 5-6 күнде шықса, енді жылжымалы зертхана деректері бірден жасанды инттеллект көмегімен зерделенеді. 

Рустам Танишпеков, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:

- Мобильдік зертханалар бұл өте оңтайлы. Жолдардың ақауларын қысқа мерзімде анықтап, жедел жоюға көмектеседі. Мысалы, асфальт жабындысының бірінші қабатын төсеп бітті ме, бірден тексеріп өтеді. Сәйкесінше, жолдардың сапасы анағұрлым жақсарады деп ойлаймын. Жұмыс тез атқарылып, жол учаскелері ұзақ мерзімге жабық тұрмайды. Әсіресе бұл қала ішіндегі жолдарды жөндегенде маңызды. 

Биыл Қарағанды қаласында 137 шақырым жол жөнделеді. Сондай-ақ Балқаш, Саран, Теміртау қалаларында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылады. Құрылыс  жұмыстарын зертхана мамандары бақылауда ұстап, қалаішілік жолдардың цифрлық құжаты әзірленеді. 

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz