Алматыда көлік кептелісін азайту үшін «ақылды» бағдаршамдар орнатылып, жаңа автобус бағыттары ашылып, LRT желісінің құрылысына дайындық жүріп жатыр, деп хабарлайды «24KZ».
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жолаушылар көлігі және жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаев қаладағы көлік жүйесін жаңғырту жоспары туралы айтты.
Оның сөзінше, қала билігі халықаралық тәжірибені зерттей отырып, қоғамдық көлікті дамыту, жол жүйесін цифрландыру және көлік ағынын тиімді басқару бағытында кешенді жұмыс жүргізіп жатыр.
Қоғамдық көлік тұрғындар үшін жылдам әрі ыңғайлы болуы керек. Осы мақсатта автобус жолағы көбейіп, жолақы төлеу жүйесі жаңартылады. Сонымен қатар метро мен LRT жобаларын дамыту жалғасады, – деді Ержан Диханбаев.
Қалада интеллектуалды көлік жүйесі енгізіліп, бағдаршамдарды жаңарту басталған. Көлік ағынын бақылау үшін камералар мен дрондар да қолданылып жатыр. Кей көшелерде біржақты қозғалыс енгізу мәселесі де қарастырылуда.
Биыл Алматыда №96 және №130 жаңа автобус бағыттары іске қосылған. Алдағы уақытта «Әуезов-сити» шағынауданына да жаңа маршрут ашу жоспарланып отыр.
Жыл соңына дейін қалалық қоғамдық көлікті толықтай экологиялық көлікке көшіру көзделген. Қазір автобустардың 64,1 пайызы газбен жүреді. Электробустардың үлесі – 4,7%, ал троллейбустар – 7,2%.
Қалада велосипед инфрақұрылымы да кеңейтіледі. Веложолдардың ұзындығын 87 шақырымнан 125,5 шақырымға дейін ұлғайту жоспарланған.
Баспасөз мәслихатында Алматыдағы алғашқы LRT желісінің құрылысына дайындық туралы да айтылды. Ұзындығы 18,3 шақырым болатын желі Төле би көшесі арқылы өтіп, Алматы-2 вокзалы мен Алатау ауданындағы индустриялық аймаққа дейін созылады.
Сонымен қатар қалада жолайрықтар салу, көшелерді ұзарту, жол таңбаларын жаңарту және қиылыстарды оңтайландыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Тегтер #24KZ #Алматы әкімдігі #ӨКҚ #бағдаршам #көлік #Ержан Диханбаев #24жаңалықтарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz