Қазақстанда азаматтардың ар-намысы мен іскерлік беделін интернетте қорғау тәртібі жаңаша реттеледі.
Бұған қоса, тергеушілер мен прокурорлардың заңсыз шешімдері мен іс-әрекетіне шағымдану процесі жетілдірілмек. Бүгін Жоғарғы Соттың жалпы отырысында осыған қатысты маңызды нормативтік қаулылар қабылданды. Жаңа құжаттар сот тәжірибесін біріздендіріп, азаматтардың құқығын қорғауды күшейтпек. Атап айтқанда, ар-намыс пен іскерлік беделді қорғауға арналған жаңа қаулы толықтай цифрлық ортаға бейімделді. Құжатта кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау және интернетте жалған мәлімет таратқан белгісіз тұлғаларды анықтау сияқты өзекті мәселелер қамтылған. Бұдан былай сотта нақты фактілер мен жеке бағалау пікірлерінің аражігін ажыратуға баса мән беріледі. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарына талап қоюдың нақты мерзімдері айқындалды.
Нұрия Сисенова, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы:
- Бұл жаңа қаулыда интернеттегі ақпаратты бағалау, ақпаратпен бағалау, пікірді ажырату, соттылығы туралы, мемлекеттік баж туралы және басқа да сұрақтар көзделеді. Жаңа заң бойынша сотқа беруге 1 жылдық шектеу қойылған. БАҚ туралы таратылса, азамат тек қана бір жылдың ішінде сотқа бере алады. Ол сотқа бере алмаса, оған басқа себептер болмаса, онда бұл талап арыздан бас тартуға мәжбүр болады сот.
Анар Мұқатаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі департаментінің директоры:
- Бұл қаулыны біз белсенді түрде талқыладық. Оны «Масс-медиа», «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» жаңа заңдарға сәйкестендірдік. Біздің ойымызша, жаңа құжат сөз бостандығы мен азаматтық құқықты қорғау арасындағы теңгерімді сақтауға бағытталған.
Ал жиында талқыланған екінші маңызды құжат – қылмыстық қудалау органдары мен прокурорлардың әрекетіне шағымдану тәртібіне қатысты. Мәселен, тергеу соттарына 2024 жылы 9 мыңнан астам шағым түссе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 11 мыңнан асқан. Алайда олардың көбі негізсіз болғандықтан немесе процестік мерзімі бұзылғандықтан қараусыз қалады. Жаңа қаулы бұл олқылықтың орнын толтырмақ.
Гүлнар Мергенова, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы:
- Қолданыстағы нормативтік қаулыда соталды тергеп-тексеру органдары мен прокурордың нақты қандай әрекеттеріне 106-бап тәртібімен шағымдануға болатыны толық ашылмаған еді. Біз нақты тізбені ұсынып отырмыз, бұл тергеу судьяларының да, адвокаттардың да жұмысын жеңілдетеді. Сонымен қатар тергеу судьялары шығарған сот актілерін орындамағаны үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін де қарастырдық.
Тегтер #арнамыс #Жоғарғы Сот #Қаулы #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz