RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда тонировка ақылы бола ма?

20.05.2026, 15:47 83

Қазақстанда автокөліктердің алдыңғы терезелерін қарайтуға (тонировка) қайтадан рұқсат берілуі мүмкін. Бірақ бұл жолы тегін емес - ақылы негізде. Мұндай бастаманы Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков көтеріп, Үкіметке ресми ұсыныс жолдады. Депутаттың айтуынша, бұл қадам ел бюджетіне миллиардтаған теңге табыс әкеліп, жолдарды жөндеуге септігін тигізбек, деп хабарлайды «24KZ»

Депутат өз сауалында бүгінде Қазақстан жолдарында Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше өзге мемлекеттерден, сондай-ақ Қытай мен Қырғызстаннан келген көліктердің еш қиындықсыз қарайтылған тереземен жүргенін алға тартты.

 Қытай мен Қырғызстаннан келген көліктер тонировкамен емін-еркін жүреді, ал біздің азаматтарға неге болмайды? Олар ЕАЭО-ның бірыңғай техникалық регламенті аясында өз елдерінде рұқсат алған. Ал біздің жүргізушілер заңнан аттай алмай, айыппұл арқалап жүр. Бұл -  заң алдындағы теңсіздік», -  деді Олжас Құспеков.

Орталық Азия елдері бұл мәселені баяғыда-ақ экономикалық тиімділікке бұрып үлгерген. Мысалы, көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанда, сондай-ақ Тәжікстанда автокөлік терезелерін заңды түрде қарайтудың арнайы тарифі бекітілген. Жүргізушілер мемлекетке белгілі бір мөлшерде салық немесе лицензия ақысын төлеп, рұқсат қағазын алады. Бұл мемлекеттік бюджетті толықтырудың сыналған әрі тиімді әдісіне айналған.

Мәжілісменнің ұсынысы тек тыйымды алып тастау емес, одан түсетін қаражатты мақсатты түрде жұмсауды көздейді. Оның байламынша, тонировканы заңдастыру арқылы қазынаға құйылатын миллиондарды тікелей республикалық және аймақтық жолдардың сапасын жақсартуға бағыттау қажет.

Егер біз бұл қызметті ақылы әрі заңды қылсақ, жүргізушілер жасырынып, айыппұл төлегенше, мемлекетке ресми ақысын төлеуге дайын. Ал ол қаражат сапасыз жолдардың мәселесін шешуге үлкен көмек болар еді», - деп түйіндеді депутат.

Дегенмен Ішкі істер министрлігі бұған дейін жол қауіпсіздігі мен құқықбұзушылықтардың алдын алу (жүргізушінің қауіпсіздік белдігін тағуы, телефон қолдануы, бет-әлпетін тану) мақсатында бұл тыйымды сақтап келген болатын.

Үкімет депутаттың бұл ұсынысына қалай жауап беретіні әзірге белгісіз. Бірақ бір нәрсе анық: егер заң қабылданса, бұл еліміздегі ең көп сұранысқа ие және мемлекетке ең көп табыс әкелетін қызметтердің біріне айналуы мүмкін.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz