RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Алматыда қоғамдық көлікке шағым көбейген: бақылау күшейтілді

20.05.2026, 16:19 78

Алматыда қоғамдық көлік жұмысына қатысты тұрғындардан аптасына шамамен 800 шағым түседі, деп хабарлайды «24KZ».

Қала тұрғындары көбіне автобустың кешігуі, салонның тазалығы, кондиционердің істемеуі және жүргізушілер мәдениетіне қатысты мәселелерге наразы.

Осыған байланысты қалада қоғамдық көліктің жұмысын тұрақты бақылауға арналған желілік-бақылау қызметі құрылды. Мамандар күн сайын автобустардың техникалық жағдайын, қозғалыс кестесінің сақталуын және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын тексереді.

Жолаушылар көлігі және жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың айтуынша, қоғамдық көліктегі жолақыны көтеру мәселесі әзірге қарастырылып отырған жоқ. Басты басымдық – қызмет сапасын арттыру.

Тұрғындардың өтініштері барлық ресми арналар арқылы күн сайын қабылданып, әрбір дерек бойынша тиісті шара қолданылады, — деді ол.

Басқарма дерегінше, шағымдардың басым бөлігі Open Almaty және e-Otinish жүйелері арқылы түседі.

Бақылау қызметі автобустардың техникалық және санитарлық жағдайын, қозғалыс кестесін және жүргізушілердің тәртібін қадағалайды. Пилоттық жоба басталғалы 989 заңбұзушылық анықталған.

«Алматыэлектротранс» өкілдерінің айтуынша, жүргізушілердің жұмысы күнделікті бейнемониторинг арқылы бақыланып, тәртіп бұзғандарға ескерту мен сөгіс сияқты шаралар қолданылады.

Қала билігі қоғамдық көлік сапасын арттыру мақсатында бақылауды күшейтіп, жүйені кезең-кезеңімен жаңғыртып жатыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz