Биыл Оқу-ағарту министрлігі 3 млн-нан астам баланы жазғы лагермен қамтуды жоспарлап отыр. Бұл – елдегі жалпы оқушылар санының 86,2%-ы.
Олардың демалысы қауіпсіз әрі талапқа сай болуы үшін лагерлер лицензияланып жатыр. Сонымен қатар, сауықтыру орындарының дайындығын тексеретін арнайы қызмет құрылады. Ол қандай ұйым?
Биыл 3,2 млн баланы жазғы демалыс орындарында тынықтыру көзделіп отыр. Оның ішінде 20 жыл бойы істейтін орталық, 179 маусымдық орталық бар. Сондай-ақ сауықтыру шаралары мектептер мен мектептен тыс ұйымдар жанындағы 10 894 орталықта ұйымдастырылады. Олардың барлығы биыл қатаң тексерістен өтпек.
Жыл бойы жұмыс істейтін орталықтар – 20
Маусымдық орталықтар – 179
Білім беру мекемелері жанындағы орталықтар 10 894
Алтай Рахимберлин, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің басқарма басшысы:
- Биыл мемлекеттік және жекеменшік білім беру-сауықтыру орталықтары лицензияланады. Олардың жеке ғимараты, арнайы бағдарламалары және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бақылау бейнекамералары мен дабыл жүйесі болуы керек. Сонымен қатар Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жөніндегі республикалық штаб отырысында аймақтық ведомствоаралық штабтар құру тапсырылды. Олар балалар сауықтыру орталықтарын қабылдап алады.
Лицензия ұйымдарға «Электрондық үкімет» порталы арқылы 5 жыл мерзімге беріледі. 1 маусымға дейін барлық қажетті нормативтік құқықтық актілерді қабылдауды аяқтау жоспарланып отыр. Әзірге ұйымдар тексеріске дайындалып, олқылықтарды жойып жатыр.
Дидар Байтасов, Астана қаласы әкімдігі «Балаларға арналған қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» КММ басшысы:
- Жаңа лицензиялау талабына сәйкес барлық лагерлердің медициналық қызметпен айналысуға лицензиясы болуы міндетті. Сондықтан бұл жерде медициналық қызметкерлерге де талап күшейген. Сонымен қатар педагогикалық-оқытушылық кадрлар жасақтау туралы міндеттеме бар. Осыған байланысты айта өтетін жайт, вожатыйлармен қамтамасыз ету бойынша лагерлерде колледждермен, ЖОО-лармен келісімшарт негізінде студенттерді қызметке тарту практикасы бар.
Дегенмен олқылық жоқ емес. Төтенше жағдай министрлігінің қызметкерлері тексерген 17 мекемеден 260-тан астам кемшілік анықталды. Биыл құтқарушылар 50 нысанның жағдайын қадағалауды жоспарлап отыр.
Қайыржан Ақшайықов, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы:
- Негізінен нысандарды күтіп ұстауға қатысты кемшіліктер анықталды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптары бар. Нысан орманды жерде болса өрттің жайылуына кедергі ретінде айналасы жыртылуы керек. Сондай-ақ эвакуациялық жолдар мен өрт сөндіру мен алғашқы көмек құралдары жарамды болуы шарт.
Енді ата-аналарды толғандырған басты сауалға келсек. Ол жазғы лагерде демалыс құны. Астана қаласы әкімдігінің мәліметі бойынша елордада жолдама бағасы өзгермеген.
Дидар Байтасов, Астана қаласы әкімдігі «Балаларға арналған қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» КММ басшысы:
- Астана қаласы білім басқармасына қарасты мемлекеттік бір лагерь бар. Ол Бараб лагері. Осы балаларға сауықтыру қызметін атқарады. Осы лагердің мәліметінше биылғы жылы қызметтердің бағасы ешқандай өзгеріссіз. Себебі, былтыр, 2025 жылы 150 мың болды бір жолдаманың бағасы. Биыл да сол бағаны ұстап тұр. Бірақ оған қарамай, қосымша қызметтер қымбаттауына қарамай. Мысалы тамақтану қымбаттады, жол көлік тасымалдау қымбаттады деген сияқты. Лагердің өзінің шығындары қымбаттағанымен балаларға арналған жолдаманың бағасы өзгермеген. Былтырғы бағамен қалып отыр. ол мемлекеттік мекемелер үшін де, жекеменшік мекемелер үшін де қызмет алу бір бағада қалып отыр.
Сонымен қатар аз қамтылған отбасылардың балаларына тегін жолдама беру мүмкіндігі қарастырылған.
Алтай Рахимберлин, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің басқарма басшысы:
- Кейінгі жылдары «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 50 мыңнан астам ауыл баласы үздік білім беру-сауықтыру орталықтарында демалды. Бұл жұмыс биыл да жалғасады. Одан бөлек, балалар сауықтыру орталықтары жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Олар мемлекеттік сатып алу механизмі арқылы мемлекеттік қолдау ала алады.
Жазғы демалысты оқу процесіне айналдырмау да маңызды. Барлық тәрбие, экологиялық, мәдени және білім беру іс-шаралары балаларға қызықты, ойын түрінде әрі түсінікті форматта өтеді.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #жазғы лагерь #балалар #демалыс орныPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz