Бүгін Таяу Шығыстағы қазақстандық бітімгерлер елге оралды. Бұл Голан жоталарындағы бітімгершілік миссияға қатысқан екінші ұлттық контингент.
Әскерилерді күтіп алуға олардың туған-туыстары, Қорғаныс министрлігінің өкілдері жиналды.
Алматы әуежайына бітімгерлерді күтіп алуға жиналғандардың қарасы көп. Бірінің әке-шешесі, енді бірінің сүйікті жары мен балалары келді. Барлығының көзінен сағыныш ұшқыны байқалады. Бүгін бір жылға созылған уайымның тарқаған күні. 139 бітімгер мінген ұшақ аман-есен әуежайға тұрақтады. Бұл әскерилердің қызметі ел қарулы күштерінің халықаралық беделін арттыруға ықпал етті.
Дүйсенғали Толымбеков, қала тұрғыны:
- Қазақстанның бітімгершілік жауынгерлері бір жылдық борыштарын аман-есен өтеді. Отан алдындағы борыштарынан аман-есен еліне оралғанына біз өте қуаныштымыз. Осы шетелдерде түрлі-түрлі жағдайлар болып жатыр.
Голан жоталары - Израиль мен Сирия арасындағы даулы аймақ. Біздің бітімгерлер БҰҰ-ның бөлінуді бақылау күштері қолбасшысының резерві ретінде қызмет атқарды. Атап айтсақ атысты тоқтату режимін қамтамасыз етуге атсалысып, ауданды патрульдеп, тосқауыл бекеттерін күзетті. Жарылыс қаупі бар заттарды жою, БҰҰ қызметкерлерін алып жүру мен эвакуациялау жөніндегі міндеттерді орындады.
Еркебұлан Қадышев, ҚР Ұлттық бітімгершілік контингентінің аға атқышы:
- Бітімгершілік миссиясынан аман-есен, өз туған жерімізге, елімізге оралғаныма өте қатты қуаныштымын. Бұл миссияда біз халықаралық дәрежеде өз мемлекетіміздің абыройын көтеріп, асқақтатып келдік деп ойлаймын.
Бітімгерлердің дайындығына БҰҰ-ның басшылығы мен халықаралық серіктестер жоғары баға берді.
Батыр Тұяқов, ҚР Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялары орталығының ресми өкілі:
- БҰҰ-ның бақылау миссиясы Сирия мен Израиль арасындағы Голан жоталарындағы бөлісуді жүзеге асырады. Ең алдымен, бұл миссия қақтығысушы тараптарды ажырататын және олардың арасындағы қарым-қатынасты реттейтін маңызды рөл атқарады.
Бір күн бұрын Голан жоталарына үшінші ұлттық бітімгерлік контингент аттанды. Ендігі миссияны сол жігіттер атқарады.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Валентин Лобанов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #бітімгерлер #Алматы #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz