Еліміздегі қылмыстық-атқару мекемелерінде азаптау дерегі бір жыл ішінде 2,5 есе азайған. Мәселен, 2024 жылы 289 құқық бұзушылық тіркелсе, былтыр 113-ке дейін төмендеген.
Бұл туралы Таразда өткен адам құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған көшпелі отырыста айтылды. Кеңесте адам құқықтарын қорғау және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар талқыланды.
Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген көшпелі отырысында азаптауға қатысты заңнаманың қатаңдағаны айтылды. Мұндай қылмыс жасағандар оқиғаның қашан болғанына қарамастан жауапқа тартылады. Сонымен қатар оларға амнистия, шартты жаза немесе мерзімінен бұрын босату қолданылмайды. Тіпті тараптар татуласқан жағдайда да іс тоқтатылмайды. Нәтижесінде 2023-2024 жылдары азаптау дерегі бойынша 84 адам сотталды. 2024 жылы 289 дерек тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 2,5 есеге азайған. Соның негізінде 19 адам сотталды.
Артур Ластаев, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл:
- Соңғы жылдары азаптау дерегі едәуір азайды. Мәселен соңғы үш жылда азаптау фактілері бойынша жауапкершілікке тартылғандар саны, оған дейінгі бес жылдағы көрсеткіштен асып түсті. Сондай-ақ, түзету мекемелерінің аумағы толықтай бейнебақылау жүйесімен қамтылды.
Жамбыл облысындағы 5 қылмыстық-атқару мекемесінде 3 мыңнан аса адам жазасын өтеп жатыр. Сотталғандарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін биыл мекемелердегі медициналық нысандарға ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар аймақта жазасын өтеушілердің құқығын қорғау және оларды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:
- Сотталғандарды жұмыспен қамтуды жалпы санмен алғанда 1011 тұлғаға немесе 14,6 пайызға артқан. Бұл ретте түзету мекемелерінде сотталғандарға ақылы жұмыс орындарын ашу және қолданыстағы жұмыс орындарын кеңейту мақсатында 480 млн тг тапсырыс алынып, жұмыстар жүргізілуде.
Кеңесте тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы сөз болды. Жиында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған шараларды күшейту қажеттігі айтылды.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Заң мен тәртіп #сотталғандар #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz