RU
Толық нұсқаға өту

Альпинист - қауіпті және жауапты мамандық

21.05.2026, 11:00 25

Астана өсіп, биік ғимараттар көбейген үстіне көбейіп келеді. 

Мұндай нысандарды күтіп ұстау да оңай емес. Ара-тұра терезесін жуып тұрудың өзіне жай ғана тазалықшы емес, альпинист жалдауға тура келеді.

Қысы-жазы тыным таппайтын мұндай мамандарға сұраныс та артқан.

Астанада аспанмен таласқан биік ғимарат көп. Төменнен қараған кісінің өзі басы айналар мұндай нысандарды  күтіп ұстау оңай емес. Ара-тұра терезесін жуып тұру үшін де альпинистер керек. Бағдәулет Жақсылық осы салаға 4 жыл бұрын келген. Қызметіне сұраныс көп, қысы-жазы тоқтамайды. Қатері көп болса да талмай жұмыс істейді.

Бағдәулет Жақсылық, өнеркәсіп альпинисі:

- Ең қызығы адреналин. Үйге барасың, шаршағаның басылады, жұмысқа келесің тағы да шаршағаның басылады. Мынадай көрікті үйлерді көріп тұрып, қалай қызығушылығын артпайды. Істеген жандар болса, оны біліп жатыр.

Астанада Бағдәулет шыққан ең биік нысан - 24 қабатты қонақүй. Ол айтқан көрікті үйлердің біріне бізде жоғарыдан қарап көрдік. 

- Арқан байлаудан бастаймыз! Бірінші очередьте бағананы тексереміз. Бұл берік уже. Екеуінің арасын қосып байлаймыз. Қолдың ептілігі керек. Сақтансаң, сақтаймын деген.

Өнеркәсіп альпинисі – қауіпті әрі жауапты мамандық. Сондықтан, қауіпсіздік ережелері, төтенше жағдайдағы әрекет жіті үйретіледі. Бұған қоса маманның физикалық төзімділігі мен психологиялық күйі де сыналады. 

- Осы біздің страховкамыз. Денемізге киеміз. Комплект деп аталады. Қозғалысқа кедергі келтірмеу керек қой. Бекіткіші бар. Бәрін бір тексеріп шығамыз.

Қауіпті жұмыстың қызмет ақысы жұрт ойлағандай көл-көсір емес. Жұмыспен қамту орталықтарының дерегіне сүйенсек, альпинистердің жалақысы 200 мыңнан басталып, 1 млн теңгеге дейін барады. Әрине тәжірибе мен кәсіби біліктілік ескеріледі. Ал жеке келісімшартпен жұмыс істейтіндер жобаның ауқымына қарай ақы талап ете алады.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Ми қайнатар ыстықта да, қақаған суықта да астаналық альпинистер зәулім-зәулім ғимараттардың аспанмен астасып, мөп-мөлдір болып тұруына атсалысып жүр. Дегенмен, күнделікті мына тот басқан сатымен шығып, жерге арқанмен құлдилағанға дейінгі еңбек оңай емес, қауіпті әрі адал. 

Иә, өнеркәсіп альпинистері жазда күннің ыстығына, қыста арқаның аязына да шыдауға тиіс. Бұдан бөлек ұйытқыған ызғырық желде өңменіңнен өтіп қана қоймайды, арқанды шайқап, қауіпті күшейте түседі. Бірақ Бағдәулет "әр мамандықтың өз қиындығы болады. Біз үшін бұл күнделікті жұмыс қана" - дейді.

Мерей Мұратханқызы, Мұрат Әріпханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz