Шымкентте әрбір үшінші көп қабатты үйдің пайдалануға берілгеніне жарты ғасырдан асқан.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне қарағанда шаһардағы 46 үй апатты жағдайда тұр. Сондықтан ескі баспаналарды жаңғырту мен реновациялау мәселесі күн тәртібінен түспейді.
Көксай шағын ауданындағы тұрғын үйлердің қасбетінен-ақ олардың тозығы жеткенін аңғаруға болады. Қабырғалары сөгіліп, іргетасы мүжілген екі қабатты 23 үй реновация бағдарламасына еніп, жартысынан көбі сүрілді. Жүзден астам отбасы жайлы пәтерге көшірілді. Бірақ әлі де жаңа баспанадан үмітті жандар көп.
Рабиға Бейтөреева, қала тұрғыны:
- Реновация бойынша көшіреміз деп жатыр. Бірақ документ тура болмай жатыр. 100% болғанда көшесіздер дейді. Соған әкімшіліктен көмек сұраймыз біз. Ертерек көшсек деп. Крышадан су өтеді. Дуалдар жарылып жатыр. Оны жылда ремонттағанымен келесі жылы сылаған жер қайтып жарылады.
Тұрғындардың бұл уәжінен жауапты тұлғалар да хабардар. Сондықтан жергілікті билік өкілдері тек реновациямен шектелмей, тұрғын үй қорын кешенді түрде жаңартуды қолға алды. Биыл осы мақсатта қаладағы 31 көп қабатты үйді күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Ауқымды жоба аясында баспаналардың қасбеті ретке келтіріліп, шатыры мен ішкі инженерлік желілері толық ауыстырылып жатыр.
Наурыз Дутбаев, мердігер мекеме өкілі:
- Бұл көп қабатты үйде көбінесе мусор көп болды. Бірінші кезде жертөле астында жұмыс жүргізу алдында тазалау жұмыстары жүрген. Шамамен осы айдың соңында жұмыстар аяқталады. Осы ауданда көп үй модернизациядан өткен. Сол себептен тұрғындар дайын. Белсенділігі байқалады. Өздеріне керек болғаннан кейін атсалысып көмектеседі.
Тұрғын үйді жаңғырту жұмыстары пәтер иелерінің өтінішімен ғана жүзеге асырылады. Тұжырымдамаға сәйкес, ортақ мүлікті жөндеу үшін олардың жартысынан көбі келісім беруі тиіс. Биыл бұл бағытқа қазынадан 2 млрд 600 млн теңге бөлініп, конкурстық рәсіммен ондаған мердігер құрылысқа тартылды.
Олжас Базарбек, қалалық құрылыс басқармасына қарасты мекеме директорының орынбасары:
- Құрылыс басталмай жатып осы көпқабатты тұрғын үйдің көпшілік даусымен хаттама түзіледі. Қаржы бөлінгеннен кейін құрылыс жұмыстары бастаймыз. Тұрғындарға еш пайызсыз қайтарым қаржы есебінен жүргізіледі. Тұрақты бақылауда болатын болса ұзақ мерзімге қызмет жасайтын үйлер негізі.
Аяқталған жұмыс арнайы комиссияның тексеруінен кейін ғана қабылданады. Оның құрамына авторлық және техникалық қадағалаушылар, тапсырыс беруші мекеме өкілдерімен қатар жергілікті тұрғындар да кіреді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов
Тегтер #Шымкент #көп қабатты үй #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz