RU
Толық нұсқаға өту
Фото: Астана әуежайы

Әлемдік жүк тасымалдаушы Cargolux Астанаға қайта оралды

21.05.2026, 17:24 30

Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы әлемдегі ірі жүк әуе тасымалдаушыларының бірі – Cargolux компаниясымен ынтымақтастықты қайта жандандырды, деп хабарлайды «24KZ».

Әуежай мәліметінше, ұзақмерзімді ынтымақтастық аясында әуе компаниясы Астана әуежайы арқылы тәулігіне екі жүк рейсіне дейін орындауды жоспарлап отыр. Алғашқы кезеңде ұшақтар жанармай құю және техникалық қызмет көрсету үшін техникалық қону жасайды.

Жоба қазақстандық отын операторларымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, елорданың Еуропа мен Азия арасындағы маңызды авиациялық және логистикалық хаб ретіндегі рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта Астана әуежайында толыққанды коммерциялық жүк рейстерін іске қосу мүмкіндігі де қарастырылып отыр. Бұл жүк айналымын арттырып, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға қосымша серпін береді.

Әуежай өкілдерінің айтуынша, әлемдік жүк авиакомпанияларымен серіктестікті кеңейту Қазақстанның халықаралық авиациялық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Айта кетейік, Cargolux – 1970 жылы Люксембургте құрылған Еуропадағы ең ірі жүк авиакомпанияларының бірі. Компания әлемнің 90-нан астам бағыты бойынша жүк тасымалын жүзеге асырады. Әуе компаниясының Boeing 747 Freighter типті жүк ұшақтары бір рейсте 130 тоннадан астам жүк тасымалдай алады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz