Павлодарда 45 шақырым жолға асфальт төселеді. Орташа жөндеу жұмыстары 23 учаскені қамтиды.
Жол инфрақұрылымын жаңғыртудан бөлек қаланы абаттандыру ісінде де ауқымды жобалар қолға алынады.
Қалада биыл жол жөндеу жұмыстары ерте басталды. Қазірдің өзінде 13 көшенің асфальт жабыны толық жаңартылды. Магистральді жолдарға ылғал мен суыққа төзімді қиыршықтас-мастикалық асфальтбетон төселіп жатыр. Инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары аймақ басшысының бастамасымен қолға алынған.
Қуат Нұрмағамбетов, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ОФ бөлім басшысы:
- Қиыршықтастың жоғары мөлшерінің есебінен жол жабынында берік тас қаңқасы қалыптасады. Өз кезегінде бұл асфальттың деформациялануына жол бермейді. Сонымен қатар тұрақтандырғыш қоспалар мен битум мөлшерінің көп болуы жол жабынының жарылуын болдырмай, ылғалға төзімділігін арттырады.
Инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасына саябақтарды абаттандыру және жасыл желек қорын көбейту шаралары да кіреді. Облыс орталығының келбетін жаңарту бағытында бұрын-соңды болмаған жобалар жүзеге асырылады.
Әбілқасым Оспанов, қалалық ТҮКШ жолаушылар тасымалы және автожолдар бөлімінің басшысы:
- Сәтін салса, магистральді көшелерді асфальттауды маусымның соңына дейін аяқтауды жоспарлаймыз. Тротуарлар мен аулаішілік аумақтарды абаттандыру жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Барлық өтініш тұрғындардың ұсыныс-тілектеріне сәйкес қарастырылады.
Биыл көпқабатты 100 үйдің ауласы ретке келтіріліп, 20 шақырым тротуар жаңартылады. Қазірдің өзінде 11 үйдің ауласына асфальт төселді. Он сегіз үйдің ауласында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков
Тегтер #Павлодар #инфрақұрылым #асфальтPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz