Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаевты қабылдады.
Өңір жетекшісі аймақтың биылғы қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді. Алдағы үш жылда облыста 1,9 трлн теңгеге 48 инвестициялық жоба жүзеге асады. Биыл құны 1 трлн теңге болатын 14 ірі жобаның құрылысы басталады. Қызылордада 300 орындық аурухана, 500 орындық емхана, 200 орындық перинаталдық орталық, жаңа драма театры мен заманауи кітапхана салынып жатыр. Сонымен қатар Қызылорда-Ақтөбе автожолын кеңейту мен Бейнеу-Сексеуіл тас жолының құрылысы басталады. Жыл соңына дейін 10 ауыл газға қосылып, халықтың 85 пайызы көгілдір отынға қол жеткізеді. Биыл тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 2400 пәтер беру жоспарланған. 138 шақырым жол мен көпірлер жөнделіп, жақсы жолдар үлесі 95,5 пайызға жетеді. Президент өңірде экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, экологиялық жағдайды жақсарту және су үнемдеу технологияларын енгізу жұмысын жалғастыруды тапсырды.
Мұрат Ергешбаев, Қызылорда облысының әкімі:
- Аймақта жүзеге асырылып жатқан, алдағы жоспарланған ірі инвестициялық жобалар бойынша да ақпарат ұсынылды. Президент экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, экологиялық ахуалды жақсарту және ауыл шаруашылығына су үнемдеу технологияларын жалғастыру бойынша бірқатар тапсырма берді.
Тегтер #президент #Қызылорда облысы #әкімPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz