RU
Толық нұсқаға өту

Мәдениет пен өнер қызметкерлеріне мемлекеттік марапаттар табысталды

21.05.2026, 19:28 33

Бүгін елімізде мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Айтулы датаға орай сала мамандарына мемлекеттік наградалар табысталды. 

Елордада өткен жиында мәдениет саласының 32 өкілі түрлі марапат алды. Шығармашылық және өнер майталмандарын Премьер-министрдің орынбасары-Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтады. Ол саладағы кәсіби еңбекті мойындау жүйесі дамып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысының бастамасымен «Халық әртісі» құрметті атағы қайта бекітіліп, «Асыл мұра» жаңа сыйлығы енгізілді. Президент қолдауымен, мемлекеттік стипендиялардың мөлшері ұлғайтылды. Бұған қоса, көп жылдан бері алғаш рет музыкалық білім беру ұйымдары мен мемлекеттік концерттік ұйымдарға музыкалық аспаптар сатып алуға қаражат бөлінді.

Театр, музыка, мұражай, ғылым, концерт салаларының өкілдері. Бұл салтанатты жиынға мәдениет майталмандары жан жақтан жиналды. Кәсіби мерекеге орай сала мамандарын Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтап, марапаттарды табыстады. Үкімет басшысының орынбасары «Мәдениет қоғамның рухани дамуында және ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда айрықша орын алатынын» атап өтті. «Бүгін Мемлекет басшысы Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры мен Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияға «Ұлттық» мәртебе беру туралы бастама көтерді. Бұл өнер мен мәдениет жолындағы тынымсыз еңбектеріңізге, берілген аса жоғары баға, ел руханиятына қосқан өлшеусіз үлестің жарқын мойындалуы», – деді Премьер-министрдің орынбасары. Аида Балаева сала өкілдерінің атынан Мемлекет басшысына отандық мәдениетті дамытуға көрсетіп келе жатқан тұрақты қолдауы, ерекше назары мен қамқорлығы үшін алғыс білдірді.

Жеңіс Сейдуллаұлы, әнші, композитор, «Парасат» орденінің иегері:

- Мемлекет басшысының қолтаңбасымен «Парасат» орденін маған ҚР Премьер-министрдің орынбасары және ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы өз қолымен мына кеудеме таққан кезде менің көкке төбем жетті. Ел үшін жұмыс істейік, аспанымыз ашық болсын, тереземіз тең, үлкен-үлкен мемлекеттермен, алға қарай жүре берейік, жастарымыз өссін. Олардың болашағы жарқын болсын. Оларға сенуіміз керек, өйткені біз енді ардагерміз.

Шығармашылық адамдарының арасында ерекше көзге түскен ақсақал Қайыр Рахметуллин. 88 жастағы қария өмір бойы агроном болған. Алайда ақсақал шығармашылықтан қол үзбеген. Жұмыс пен қаламды қатар алып, бірнеше жинақты жарыққа шығарған. Ақын, публицист «Аманат» поэзия жинағы мен «Үміт ең соңынан өледі» кітаптарының авторы. Мәдениет саласындағы еңбегі үшін Қайыр Рахметуллин ең жоғары мемлекеттік мапараттардың бірі «Парасат» орденін алды.

Қайыр Рахметуллин, ақын, публицист, «Парасат» орденінің иегері:

- Менің мәдениет министрлігі бір «Аманат» деген поэзия жинағымды конкурсқа жіберіп еді, сол арқылы біліп отыр. «Парасат» орденін берді ғой. Үкіметтің азаматтардың, еңбегін бағалай білгендігі деп білемін.

Бүгін салтанатты жиында мәдениет және өнер саласының 32 өкілі марапат алды. Президент Жарлығымен 17 адам мемлекеттік наградаларға ие болды. Тағы 15 сала қызметкеріне ведомстволық марапаттар берілді. Жалпы бұл салада 60 мыңға жуық адам еңбек етеді. Кейінгі бес жылда 150-ден астам жаңа мәдениет орны ашылды. Биыл тағы 64 нысанның құрылысы жалғасып жатыр. 

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Артур Горшняков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz